НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ АҚТАУДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ

21 қараша 2024 176 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтау қаласында «Қазақ даласындағы отбасы институты» тақырыбында өткен республикалық конференцияға қатысты.

Сонымен қатар игі басқосуға белгілі қаламгер Жабал Ерғалиұлы, дініміз бен дәстүріміздің жанашыры Бекжан Тұрыс, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, ел ағалары, зиялы қауым өкілдері, дін қызметкерлері қатысты.

«Ерлі-зайыптылар – бірін-бірі психологиялық әрі биологиялық тұрғыдан толықтыра түсетін жандар. Бұл – Алланың адамға жасаған мейірімі. Бұған Құрандағы мына аят дәлел: «Сендерді бір адамнан жаратқан да, әрі көңілі жай табуы үшін оған жұбай сыйлаған да Алла» («Ағраф» сүресі, 189-аят).

Біз ешқашан өзгенің таным-түсінігімен өмір сүре алмаймыз. Ұстанатын дініміз бен арқа сүйер салтымыз, күнделікті өмірде дағдымызға айналған ғұрпымыз бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялады. Игі бастама аясында қазақ даласындағы отбасы институтын дәріптеуге баса назар аударылып келеді. Игі жұмыстардың нәтижесінде облыстық мешіттер жанынан отбасылық кеңес беру орталықтары ашылды. Дін қызметкерлері бір жыл ішінде жүздеген отбасының ақ некесін сақтап қалуға ықпал етті. Алла Тағала барша отбасыға бірлік пен береке, татулық пен сүйіспеншілік нәсіп еткей. Әмин!» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Конференцияға қатысқан зиялы қауым өкілдері отбасы құндылығын арттыру жайлы баяндама жасады.

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру