Наурызбай қажы Тағанұлы: «Жеті рухани қазық – береке бастауы»

23 қазан 2019 5929 0
Оқу режимі

Елорда төрінде өтіп жатқан ІІІ Республикалық имамдар форумының бірегей құжаты – «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасын көпшілікке таныстырып өткен Бірінші наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы аталмыш құжаттың маңыздылығын тоқталып, осындай ой айтты.

Мұсылман баласының бойынан табылуға тиісті көркем мінез үлгілерінің ауқымы құжатта көрсетілген жеті қасиетпен шектеліп қалмайтынын, қоғам игілігінің қазығы ретінде басты жеті қасиет көрсетілгенін ескертіп өткен наиб мүфти форум барысында әрқайсына жекелей тоқталды.

Наурыpбай қажы Тағанұлы:

«Тұғырнама мұсылманның тұлабойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты қамтиды. Атап айтқанда, имандылық, отанды сүю, білім алу, бірлікке болысу, еңбекқорлық, мәдениетті болу және әділдік принципін ұстану.

«Имандылық бастауы болған ұят, ар, намыс, обал, сауап, ізет сынды ұғымдар халқымыздың өмір салтында әдемі әдетке айналды. Тәлімдік құжаттың алғашқы ұстынында осы айтылған имандылық көріністері баяндалады.

Асыл дінімізде отаншылдық шынайы мұсылманға тән қасиет ретінде қарастырылған. Мұсылман баласына Отанын сыртқы және ішкі қауіптен қорғау – парыз. Мұны халқымыз «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес», – деген нақылмен түсіндірген.

Қадірлі қауым! Ілімсіз өркениет жоқ. Пайғамбарымыз: «Білім мен хикмет – мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», – деген. Бүгінгі таңда күш те, қуат та – білім мен бірлікте.

Алла Елшісі: «Ауызбіршілікте – Алланың мейірімі бар», – деген. Халқымызда: «Береке басы – бірлік», «Бірлікті ел бұзылмас» деген аталы сөз бар. Болашағымыздың жарқын болуы бүгінгі бірлігімізге тікелей байланысты. Тұғырнама осы мақсаттарға үндейді.

Қазақтың қанға сіңген дәстүрі бойынша, кісіні сыйлау, құрметтеу – әрбір жанға міндет. Бабаларымыз баланы бесігінен-ақ жақсы әдептерге баулыған. Ислами әдепті бойына сіңіру арқылы әрбір мұсылманның мәдениеті артады.

Шәкәрім бабамыз: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа анық бола алады. Олар: адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек», – дейді. Данышпан бабамыз өсиет еткен адал еңбек тақырыбы да осы тарихи құжатымыздың бір тармағы болып табылады.

Сондай-ақ, халқымыздың қанына сіңіп, сүйегіне өткен адами асыл қасиеттердің құндылығын дәріптеп, мәдениет мәйегін ұсыну да – аталмыш құжаттың маңызды бір қыры. Тарихи құжат алға тартқан тағы бір асыл қасиет, ол – әділдік. Қасиетті Құранда адамзат баласына: «Әділ болыңдар. Шын мәнінде Алла Тағала әділ болғандарды жақсы көреді», – деп бұйырады».

.... «Жеті рухани қазық» құжаты осы жолда еліміздің барша дін қызметкерлеріне жол сілтеп, жөн көрсетіп тұратын шамшырақ іспеттес. Нұрлы болашаққа жетелейтін бұл қасиеттерді насихаттау, ұлттық болмысымызға сіңіру – Ұлы дала халқының рухани жаңғыруына жол аша түсері сөзсіз».

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру