Нұр-Мүбарак университетінің өкілдері жеңімпаз атанды (ФОТО)
Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының әлеуметтік маңызды жобалар негізінде Ұлттық журналистік зерттеу орталығы ұйымдастырған байқауға 50-ден аса үміткерден 120-дан астам материал түскен. Діни экстрмемизмнің алдын алуға байланысты байқау теле-радио, мерзімді БАҚ, әлеуметтік желі, сайттар арасында 10 номинация бойынша сарапқа салынды. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры филол.ғ.д. Кенжехан Матыжанов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы филол.ғ.к., доцент Сағатбек Медеубеков мырзалар бастаған 7 адамнан тұратын қазылар алқасы әрбір жариялымды жіті сарапқа салды. Нәтижесінде «Діни экстремизмнің алдын алу мақсатында БАҚ-та үздік шығармалар жариялау» жөніндегі байқауда «Мерзімді баспасөздегі қазақ тіліндегі ең үздік публицистикалық мақала» номинациясы бойынша исламтанушы-журналист, университеттің баспасөз хатшысы исламтанушы-журналист Айша Кеңесбай үздік деп танылды.
Биыл дәстүрлі үшінші рет ұйымдастырылып жатқан бұл байқауға журналистикадан тыс дін саласының мамандары да алғаш рет бақ сынап, Нұр-Мүбарак университетіндегі Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры, белгілі теолог Асқар Сабдин «Ең белсенді блогер» номинациясына лайық деп танылды. Жеңімпаз блогер шетелдік тағылымдамада болғандықтан марапат университеттің оқу-әдістемелік басқармасының басшысы Жалғас Сандыбаевқа табысталды.
Сондай-ақ университет магистранты журналист Гүлден Жандильдинова ынталандыру сыйлығына ие болды. Марапаттау барысында Алматы қаласы Қоғамдық даму басқарма басшысының орынбасары Айдар Есенбеков бұл байқаудың ел ішіндегі дін тақырыбын дұрыс көтеріп, діни мәселелердің дұрыс шешіліп, халықтың рухани ағартушылығын арттыруда маңызы барына тоқталды.
Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Мониторинг және талдау» орталығының Діни бірлестіктермен жұмыс істеу бөлімінің меңгерушісі Нұрболат Айекешов дін саласында кез келген журналистің сауаты жете бермейтінін жиі байқайтынын атап өтті. Ал Ұлттық журналистік зерттеу орталығының жетекшісі Дәрмен Смайыл бұл байқаудың үш жылда ауқымы артып, түскен материалдардың да сапасы көтерілгенін айта келе, бұл байқаудың дәстүрлі жалғасы болады деген сөздері салтанатты шараға келген журналистер мен студенттерге жаңа серпін бере түсті.