Нұр-Сұлтанда жыл соңына дейін 2000-ға жуық отбасы тұрғын үймен қамтылады

10 қаңтар 2020 4867 0
Оқу режимі

2020 жылы елордалық 2 мыңға жуық отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясында тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады. Аталмыш көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Республикалық бюджеттен қаржыландырудың көбеюіне байланысты 2020 жылы берілетін пәтер саны артып отыр. Бұдан бөлек, мұқтаж отбасыларға тұрғын үйді сатып алудағы көмек жергілікті бюджет есебінен де жүзеге асырылады. Бағдарламаның әрбір қатысушысына 1 миллион теңге  мөлшерде тұрғын үй сертификаттары бөлінетін болады.

Былтыр бағдарлама аясында елордалық 721 отбасы тұрғын үймен қамтылған. «Бақытты отбасы» бағдарламасының екінші кезеңін наурыз айына жүзеге асыру жоспарланып отыр.  Тұрғын үйге үміткер азаматтар санатына көп балалы, толық емес отбасылар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелейтін отбасылар жатады.

 Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының Тұрғын үй беру бойынша азаматтарды есепке алу бөлімінің басшысы Данияр Балтиннің айтуынша, қарыз 2 пайызға беріледі,  яғни отбасы 10 миллион теңге қарыз алса, ай сайынғы төлем 20 жылға шаққанда 50 мың теңгені құрайды. Ал артық төлем 2 миллион жуық теңгені құрайтын болады.

Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге қаражат бөлінгендігін атап өткен жөн. Халықтың әлеуметтік қорғалмаған санаты үшін пәтерлерді сатып алуда көмекті жергілікті билік те көрсетіп отыр. Осы жылы әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар есебінен 8 мыңға жуық адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған.

Еске салайық, «Бакытты отбасы» бағдарламасы ҚР Президентінің табысы аз  мүмкіндіктері шектеулі балалары бар отбасылар, көп балалы және толық емес отбасылар үшін тұрғын үйді сатып алу қолжетімділігін арттыру бойынша тапсырмасын орындау аясында іске қосылды.

Дереккөз: astana.gov.kz

Пікірлер Кіру