Ораза айт құтты болсын!

23 мамыр 2020 8660 0
Оқу режимі

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Қадірлі отандастар!

Баршамызды ораза айтына аман-есен жеткізген Аллаға сансыз шүкірлер болсын!  Сіздерді исі мұсылманның ұлық мейрамы – ораза айттың келуімен шын жүректен құттықтаймын!

Қасиетті Рамазанның аяқталғанын білдіретін мейрамда, жүрекке мейірім, қуаныш сезімі ұялайтын сәулелі сәтте сіздерге, отбасыларыңызға риясыз ниетпен Алланың амандығы мен берекесін тілеймін. Жаратқан жар болсын!

Алла Тағала отыз күн бойы ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, орынды себептермен ауыз бекіте алмай қалған жандардың қайырлы амалдарын қабыл еткей! Әмин!

«Айт» сөзі – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу», «қарымта» деген мағынаны білдіреді.

Жаратушы Жаббар Иеміз: «...Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн...»  – деп сүйінші хабар жеткізген.

Жаратушы Иеміз барша қауымның қуанышын арттырғай!

Ораза айт – отбасылық мереке. Мейрам күні сыйлық беріп, қуанышқа бөлеу – сауапты іс. Көмекке мұқтаж адамға қайырымдылық жасау да сауабы мол амалдың бірі.

Құрметті жамағат!

Биыл қасиетті Рамазан айы карантин жағдайында өткенін жақсы білесіздер. Бұл жағдай сауапты амалдар мен игі шараларға кедергі келтірмеді. Мешіт тарапынан көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасалды. Ауызашар асы тегін таратылды. Мақтаарал ауданындағы жерлестерімізге гуманитарлық және қаржылай көмек көрсеттік.

Сауаптар еселеніп жазылатын берекелі айда игі іске атсалысқан барша азаматқа айрықша алғысымды білдіремін. Алла разы болсын!

«Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деп халқымыз айтқандай, ізгі амалдың сауабы еселініп, қайырын өздеріңіз көріңіздер деп тілеймін.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төтенше жағдай кезінде қабылдаған шешіміне түсіністік танытып, оразаны оқшау түрде өткізіп, үйде құлшылық жасаған жамағатқа өз атымнан тағы да алғысымды жеткіземін. Алла қабыл етсін!

Ораза айт мерекесі құтты болсын! Раббымыз дұға-тілегімізді, қасиетті айда жасаған қайырлы амалымызды, берген зекет пен пітір садақамызды қабыл еткей!

Әр отбасына амандық, жақсылық тілеймін. Оразадан оразаға дейін аман-есен жете берейік! Жер бетінен жұқпалы дерт жойылып, мерекелі, берекелі сәттерде жүздесуді жазғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру