Өскеменде «Жас толқын: Дала семинары» басталды (ФОТО)
Елбасымыздың бастамасымен жарияланған «Жастар жылында» ҚМДБ-ның Өскемен аймағы өкілдігінің ұйымдастыруымен Шығыс Қазақстан облысында «Жас толқын: Дала семинары» жобасы өз жұмысын бастады.
Өкілдіктен Алтай ауданы Күмісбұлақ өлкесіне оншақты киіз үй тігіліп, спорттық алаңқай жасалып, әр облыстардан келген жастарға барлық жағдай жасалды. Қазіргі таңда «Дала семинары» жобасына еліміздің әр облысынан, ҚМДБ өкілдіктерінен жиналған 80-ге тарта жас қатысып жатыр. Олар 3-4 мезгіл ас-сумен, жатар орынмен қамтылған. Шараның сәтті өтуіне өкілдік тарапынан ерекше назар аударылып, өңірге қарасты аудан, қала мешіттері түгел жұмылдырылды.
«Дала семинары» барысында жастарға жат ағымдарға қарсы күрес, ұлттық құндылықтарды насихаттау турасында семинар-тренингтер ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар қоғам қайраткерлерімен кездесулер өткізу де жоспарланған.
Семинар туралы ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек Қасболатұлы: «Табиғат асындағы бұл шара жастардың ерекше қызығушылығын туғызды. Елбасымыздың бастамасымен жарияланған «Жастар жылында» жастарды қамтыған рухани-танымдық шаралар өткізу арқылы жат ағымдардан сақтану, ұлттық құндылықтары дәріптеу қазіргі таңдағы өзекті мәселе екендігі аян. Сондықтан өкілдіктен айырықша форматтағы осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Жастар таза ауада демалуымен қатар бір бірімен танысып, бірлігін арттырып, тәжірибе алмасады»,- деді.
Бұл игі бастама өз кезегінде ҚМДБ Жастар ісі бөлімдерінің өзара тәжірибе алмасуына да ерекше әсерін тигізері анық.
Елімізде алғаш рет қолға алынып отырған «Жас толқын: Дала семинарына» жастар айырықша белсенділікпен қатысып, жаңа идеяларын ортаға салып, таза ауа, табиғат аясында бас қосып, мәселелер талқылап қана қоймай, өнермен спорттан сайысқа түсуде.
Алдағы күндері жастар облыстағы маңызды тарихи орындары аралайды деп күтілуде.
Дереккөз: «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі