«Отбасы шырағының» қос жеңімпазына умра қажылығына жолдама табыс етілді

25 шілде 2018 8949 0
Оқу режимі

Биылғы жылды Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың «Ислам және отбасы»  жылы деп жариялаған игі бастамасына ҚМДБ-ның Алматы облысы Алматы аймағы бойынша өкілдігі іс жүзінде қолдау көрсетіп, Республика көлемінде  «Отбасы шырағы» атты келіндер сайысын өткізді. Алматы облыстық «Қарасай батыр» мешіті  әйелдер-қыздар секторы бұл шараның шарттарын қасиетті Рамазан айының соңында әлеуметтік желілер арқылы жариялаған болатын. Шарт бойынша 114 сұраққа дұрыс жауап берген 8 үміткер ақтық сында өзара бақ сынасты. Жеңімпазға бас демеуші «QAZAQ TRAVEL» қажылық компаниясы умра қажылығына жолдама тағайындаған болатын.

Шамалған мәдениет үйінде өткен бәйге қорытындысы 4 шарттан тұрды: өзін-өзі таныстыру, қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінің кез келген жерінен оқылған аятты жалғастырып, қазақша мағынасымен айтып беру, Құран-Кәрім мен салт-дәстүрден сұрақтар, «Отбасы – бақыт мекенім» атты жанұялық тәрбиедегі ұстанымдарымен таныстыру.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды анықтау үшін қазылар алқасына да білікті мамандар таңдалды: Алматыдағы "Ғалым» мұсылман қыздар мектебінің директоры Айша Ахметова, «Қоянқұс» мешітінің ұстазы Мінайым Жұмабекова, «Үшқоңыр» медресе-колледжінің ұстазы Ардагүл Бағдал, қари-ұстаз Малика Айтжанқызы, «QAZAQ TRAVEL»   қажылық компаниясының өкілі Данабике Есеналиева ханымдар әр қатысушының білімімен қатар ерекшелігіне де мән беріп отырды. Бәйгеде «Отбасы – бақыт мекенім»  атты отбасылық тәрбие жайлы келіндер өз ұстанымдарымен, тәжірибелерімен алдын ала жасалған бейнеролик арқылы бөлісті.

Алматы, Түркістан, Қарағанды, Жезқазған, Жамбыл облыстарынан келген келіндердің инабаттылығы бірінен бірі өтеді. Нәтижесінде Алматы қаласынан келген ибалы келін Ақтілек Данабаева умра қажылығының сертификатын жеңіп алды. Көз жасына ерік берген иманды келін сайыс бітер-бітпес телефонмен «Бұл жолдама – сіздің жеңісіңіз» деп  енесін қуанышқа бөледі. «Екінші анамдай болып кеткен енем осы сайыста жеңімпаз болатындығыма ерекше сеніп, батасын берді. Қасиетті Мекке, Мәдинаға бару көптен бергі арманы еді. Сондықтан енемді қуанту – мен үшін үлкен бақыт» деп ағынан жарылды. Ал келесі сайыскер Замира Жуаныш өзінің инабатты қылығымен көрермен болып келген Сәния есімді ақ жаулықты ананың жүрегін жаулап алғанға ұқсайды. Нәтижесінде кәсіпкер ана Замира келінге умра қажылығына өз атынан жолдама ұсынды. Қатысушылардың әрқайсысы «Инабатты келін», «Нәзіктік», «Ибалы» т.б. салиқалы келіндерге тән қасиеттермен аталған арнайы номинациялармен марапатталды.

Қаншама жаулықтылардың қуанышына себеп болған бұл «Отбасы шырағы» сайысына демеушілік жасаған үшін «QAZAQ TRAVEL»   қажылық компаниясының директоры Асхат Қабидолдаұлына ҚМДБ-ның өңірлік өкілі, «Қарасай батыр» мешітінің бас имамы Қуаныш Наржанов алғыс білдірді. 

Пікірлер Кіру