ПАВЛОДАРДА «ДІН МЕН ДӘСТҮР – ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ (ФОТО)

22 қыркүйек 2022 2657 0
Оқу режимі

Бүгін Павлодар қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен «Дін мен дәстүр – халық қазынасы» республикалық конференциясы өтті. Айтулы жиынға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Амангелдіқызы, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев, белгілі дінтанушы Кеңшілік Тышқан, Нұр-Мүбарак университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев және жергілікті имамдар қатысты.

Ұлттық дәстүрімізді ұлықтауға арналған жиын Құран оқумен басталып, 2022 жылы Діни басқарманың атқарған ауқымды жұмыстары жайлы бейнеролик көрсетілді. Алқалы отырыста алғаш боп сөз алған ҚМДБ Төрағасы дін мен дәстүрдің мәніне тоқталып, конференцияның маңызын айшықтап берді.

«Дін мен дәстүр – қашан да бір-бірімен сабақтас ұғым. Екеуі егіз тақырып десек те болғандай. Қазақтың бір дәстүрінің түбін қазсаң дінге келіп тіреледі. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар деп жатамыз. Бірақ салт-дәстүр – есте жоқ ескі заманнан келе жатқан бабалардан қалған бағзы жол. «Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды» дейді дана халқымыз. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптары халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне қарай қалыптасты. Бүгінгі таңдағы басты мәселе – халықтың асыл қазынасын жастардың бойына сіңіре білу, рухани байлығынан сусындату, салт-дәстүрін, тілін, дінін, ділін үйрету, бойына дарыту» дей келе Наурызбай қажы Тағанұлы мүфтияттың осы бағыттағы жұмыстарына да тоқталып өтті.

«Бұл ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұмысын жеті бағытқа бөлді. Сол жеті бағыттың бірі де бірегейі – дін мен дәстүр бағыты. Ендігі мақсат – асыл дініміз Ислам мен бабалар ұстанған салт-дәстүрлерімізді халыққа кеңінен насихаттау, дін мен дәстүрдің сабақтастығын келер ұрпаққа жеткізу, дәстүрді дәріптеу арқылы жат ағымның арбауына іліккен жастарды дұрыс жолға бағыттау. Дәстүрдің діндегі орны, ғұрыпты дәлел ретінде қарастыру, ғұрыптың шариғаттағы шарттары, ұлттық сана сынды мәселелер уағыз тақырыптарына арқау болмақ.

Қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан діні – Ислам. Ал діни дүниетанымдық ұстанымы Исламның негізгі қайнар бұлағы Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне негізделген. Ендеше, дін мен дәстүр үндестігін сақтау – бүгінгі ұрпаққа жүктелген үлкен міндет. Бұл екі асыл қазынамызды қадір тұтсақ, тарихымыз бен мәдениетімізді ұлықтаған, ата-бабалар қалдырған ұлы аманатты сақтаған боламыз» деді Бас мүфти.

Конференцияда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Айзада Амангелдіқызы аймақтағы дін мен дәстүр бағытының дамуына тоқталып, жат ағымнан сақтану жайлы толық айтып өтті. Сонымен қатар баяндама жасаған мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев ұлттық болмысты сақтау, дәстүрге берік болу, қазіргі өзгеріске ұшыраған көне дәстүрді жаңғырту жайына ерекше тоқталды.

ҚМДБ Сарапшылар кеңесінің мүшесі Кеңшілік Тышқан Алашорда тұсындағы дәстүрдің дәріптелуі, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы еңбектеріндегі дін мен дәстүрді кеңінен тарқата айтты. Сондай-ақ жиында сөз алған Қайрат Құрманбаев, Сансызбай Құрбанұлы, Айтмұхаммед Тұрышов, Думан Сайфолла қазіргі қоғамдағы дәстүрдің маңызы, ғұрыптың мәні, тарихи сананы жаңғырту жайын баса айтты.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру