Қасиетті жұмада 70 суретші «Әзірет Сұлтан» мешітін кескіндеуге кірісті (ФОТО+ВИДЕО)

21 маусым 2019 7373 0
Оқу режимі

Күндердің сұлтаны болған қасиетті жұмада Нұр-Сұлтан қаласындағы «Indigo» көркемсурет орталығының шәкірттері «Әзірет Сұлтан» мешітінің суретін салуға кірісті. «Менің сүйікті мешітім» деген атаумен өткен пленэрлік сабаққа жалпы саны 70-ке жуық шәкірттер қатысып, ажары асқақтаған еліміздің Бас мешітін түрлі қырынан қағаз бетіне түсіруге тырысты.

Орталық ұстаздарының айтуынша, шәкірттер пленэрлік сабақ нысаны ретінде «Әзірет Сұлтан» мешітін таңдауға өздері ұсыныс білдіріп, қазақы нақышта өрілген құлшылық ордасындағы сәулет өнерін бейнелеуге ықылас танытқан екен.

Құлшылық ордасын жағалай қоршап отырған суретшілер еңбегіне келуші жамағат та айрықа қызығушылық танытып, шеберліктеріне қошамет білдірумен болды. Сәулеті келіскен алып мешіттің сұлулығын қылқалам арқылы жеткізуге тырысқан жас суретшілермен арнайы кездесіп, ізгі тілегін білдірген «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы Марат Бектазиновтың лебізі шабыт үстіне шабыт қоса түскендей болды.

Жұма намазына дейін жұмыстарын аяқтап үлгерген жас суретшілер өздерінің бүгінгі туындыларын «Әзірет Сұлтан» мешітіне табыстап, мешіт қызметкерлеріне өздерінің игі тілектерін жеткізді.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру