Қайырымдылық концерті науқас сәбилердің үмітін жалғады (ФОТО)

06 маусым 2018 7503 0
Оқу режимі

Қасиетті Рамазан айында Астана қаласындағы Жастар сарайында өткен «Үмітің үзілмесін» қайырымдылық концерті сал ауруына шалдыққан Кенжебек Жанерке мен Әлия Уәлихановалардың үзілгелі тұрған үміттерін жалғап, ертеңге деген сенімдерін нығайта түсті. Еліміздің эстрада әншілерінің қатысуымен өткен қайырымдылық концерті қорытындысы бойынша 405 600 теңге жиналып, екі бүлдіршіннің ата-аналарына табысталды.

Айта кетейік, аталмыш екі бүлдіршіннің де «Зекет» қорының Астана қаласындағы өкілдігінің қамқорлығына бөленіп келе жатқанына біршама уақыт болған. Осы уақытқа дейін қор қызметкерлері екі сәбидің анасы Әлия мен Сандуғашқа материалдық қолдаумен көрсетумен қатар, рухани тұрғыдан да жігерлендіріп, тағдыр сынағына төзімділік танытуға көмектесіп келеді.

Қашанда қасынан табылып, қамқорлық танытуға дайын тұратын қор қызметкерлері қайырымдылық концертін ұйымдастыруға да ұжым болып жұмылып, қос анаға қолдан келгенінше көмектескен көрінеді. Ал, қор директоры Ибрагим Сматаев мырза қайырымдылық концертінің шымылдығын ашып, ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ, сәбилердің операциясына арнап «Зекет» қоры атынан қаржы табыстап, залға жиылған жамағатты да жақсылыққа үндеп, қасиетті айда атқарған әрбір ізгі амалдың артық сауапқа жазылатынын жеткізді.

Пікірлер Кіру