Қажылық-2019: Есеп беріліп, жоспар бекітілді (ФОТО)

13 желтоқсан 2019 4922 0
Оқу режимі

Бүгін Елордада наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлының төрағалығымен қажылық жұмысына қатысты алқалы жиын өтті.

Мәжіліске ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Дін істері комитетінің басқарма басшысы Досымжан Нұрбаев, Бас мүфти кеңесшісі Балтабай Мекежанов, ҚМДБ Қажылық бөлімінің басшысы Жәнділла Бекжігітов және қажылық фирмалардың жетекшілері қатысты.

Жиналысты ашқан наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы: «Қажылық – ұлы сапар болса, қажыларға қызмет ету – үлкен сауап. Адам баласы шынайы ниетпен қаражат жинап, қажылыққа барады. Ал оларға лайықты деңгейде жол көрсетіп, насихат айтып, қызмет ету – құрметті, абыройлы іс. Сондықтан, ҚМДБ қажылық фирмалардың жұмысына ұдайы мониторинг жасап, қадағалап отырады», – деді.

Өз кезегінде сөз алған Дін істері комитетінің басқарма басшысы Досымжан Нұрбаев қажылық маусымы кезінде мемлекет тарапынан бірқатар игі шаралар атқарылғанын, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.

ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев Қазақстан Қажылық миссиясының биылғы жылы атқарған жұмыстары жайлы баяндап, турфирма тарапынан кеткен кейбір кемшіліктерді атап өтті. Сондай-ақ, Қажылық комиссиясының «өте жақсы», «жақсы», «орташа», «төмен» бағалау көрсеткішін алған фирмалардың атын атап, директорларына тиісті ескертпелер берді.

Басқосу соңында қажылық бағасын төмендету тетіктері мен жолдары кеңінен талқыланды.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру