ҚМДБ-30: Алматыда дөңгелек үстел өтті (ФОТО)
Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтті.
Еркін пікір алмасу форматында өткен алқалы жиынға Қазақстанның алғашқы мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов, Нұр-Мүбәрак университеті ректорының кеңесшісі, бұрынғы мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, жазушы, қаламгерлер Смағұл Елубай, Марат Тоқашбаев, қоғам қайраткерлері Жақсылық Үшкемпіров, Айгүл Ісмақова, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, бірінші наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Ершат қажы Оңғаров, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Қайырбекқызы, белгілі ғалымдар Бақытжан Сатершинов, Ықтияр Палтөре, Алматы қаласының имамдары қатысты.
Кездесуді ашқан Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова алғашқы сөзді Бас мүфти Серікбай қажы Оразға ұсынды. ҚМДБ Төрағасы шараға келген зиялы қауым өкілдері мен ғалымдарға алғыс айтып, мүфтияттың тарихы, бүгіні мен болашағы туралы баяндама жасады. Дөңгелек үстелде сөз алған Мұрат Жұрынов, Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Смағұл Елубай, Марат Тоқашбаев, Ержан қажы Малғажыұлы, Жақсылық Үшкемпіров, Айгүл Ісмақовалар Бас мүфтиді, барша дін қызметкерлерін мүфтияттың 30 жылдық мерейлі мерейтойымен құттықтап, ізгі тілегі мен ниетін жеткізді. Сонымен қатар, жастар тәрбиесі, ұлт болашағы, дін тұтастығы, т.б. қоғамда көрініс берген өзекті мәселелерді талқылап, өз ұсынысын білдірді. Келелі кездесу соңында ҚМДБ қызметін дамыту бағытында бірқатар пікірлер айтылды. Серікбай Сатыбалдыұлы айтылған ұсыныстар жұмыс жоспарына енгізілетінін жеткізді.
Айта кетсек, бүгін, 2020 жылдың 12 қаңтары – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл. Осынау мерейтой аясында ҚМДБ 30 мешітке ел игілігі жолында қызмет еткен тұлғалардың есімін беру, 30 елдімекеннің ауызсу, жол-көпір мәселесіне оң ықпал ету, 30 отбасыға қайырымдылық жасау, 30 студентке грант тағайындау, 30 мешітке күрделі жөндеу жүргізу т.б. игі іс-шараны қолға алғалы отыр.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі