ҚМДБ: Ершат Оңғаров – наиб мүфти (ФОТО)
Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бұйрығымен Ершат Оңғаров наиб мүфти қызметіне тағайындалды.
«Оңғаров Ершат Ағыбайұлы «Халықаралық қатынас және хаттама» бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылып, «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық ислами діни бірлестігі төрағасының орынбасары, наиб мүфти болып тағайындалсын», – делінген бұйрық мәтінінде.
Бүгін ҚМДБ Орталық аппаратының кезекті мәжілісінде Серікбай қажы Сатыбалдыұлы мүфтият ұжымына бұл тағайындауға қатысты шешімін хабарлап, Ершат Ағыбайұлының діни саладағы еңбектері жайлы атап өтті. Өз кезегінде Е.Оңғаров ұжым алдында өзіне тапсырылған міндеттерді орындауға бар күш-қайратын жұмсайтынын жеткізді.
Мәжілісте сөз алған Бірінші наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Бас мүфтидің бұл шешімі ҚМДБ қызметіне серпін беретінін айрықша атап өтті.
Оңғаров Ершат Ағыбайұлы
1975 жылы 22 наурызда Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданы, Ералиев ауылында дүниеге келген.
Білімі мен біліктілігі:
1992 жылы Жайрем кентіндегі №10 орта мектепті бітірген.
1994 жылы 13 желтоқсанда ҚР Білім және ғылым министрлігінің жолдамасымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында (ҚМДБ) өткен байқау арқылы Египет Араб Республикасы (ЕАР), Каир қаласындағы әл-Азхар университетіне оқуға түсіп, 2000 жылы аталмыш университет жанындағы Ислам ғылыми зерттеулер институтын тәмәмдап, 2004 жылы әл-Әзхар университетінің «уағыз-насихат» мамандығы бойынша бакалавр академиялық дәрежесіне қол жеткізген.
2006 жылы ЕАР Жоғарғы білім министрлігі Ислам ғылыми зерттеулер жоғарғы институтында исламтану мамандығы бойынша магистр дәрежесіне ие болған.
2010 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарихында бірінші болып философия, мәдени антропология мамандықтары бойынша PhD доктор дәрежесін қорғады.
Еңбек жолы:
2007-2009 жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында маман, бөлім бастығы, 2009-2011 әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де аға оқытушы болып жұмыс iстедi.
2011-2013 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі, Алматы қаласы Дін істері департаментінің директоры, Дін істері агенттігі Діни оқу орындармен байланыстар және дінтану сараптамасы басқармасының Бас сарапшысы болып қызмет атқарған.
2013 жылдың 27 ақпанынан бастап ҚМДБ «Уағыз-насихат және интернетпен жұмыс» бөлімінің меңгерушісі;
2014 жылдың қыркүйек айынан бастап ҚМДБ «Уағыз-насихат» бөлімінің меңгерушісі болып істеді.
2017 жылдың қазан айынан бастап бүгінге дейін ҚМДБ «Халықаралық қатынастар және хаттама» бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарып келді.
Үйленген, екі баласы бар.
Шығармалары:
«Мұхтасар тәжуид» қазақ және орыс тілінде (Құран оқу ережелері), Алматы – 2006
«Мухтасар тажуид» (Құран оқу ережелері, орыс тілінде), Алматы – 2008
«Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары» (монография). ҚР БҒМ, Алматы баспа үйлері, 2014
Құран – мағынасы мен түсініктемелері. «Алаш» тарихи-зерттеулер орталығы, Алматы – 2015 (аудармашылардың бірі)
«Дін – насихат» Ақпараттық-насихат тобына арналған әдістемелік құралы. ҚМДБ, Астана – 2015 (құраст. бірі)
Жұма уағызы-ІІ, ҚМДБ, Астана – 2015 (құраст. бірі)
Пәтуалар жинағы. ҚМДБ, Астана – 2016 (редактор)
Сборник фетв. ҚМДБ, Астана – 2015 (редактор)
Жұма уағызы-ІІІ, ҚМДБ, Астана – 2017 (құрастырушы)
Жаназа және жерлеу рәсімдері. ҚМДБ, Астана – 2017 (баспаға дайындаушы)
Дін мен дәстүр-ІІ (Тал бесіктен жер бесікке дейін). ҚМДБ, Астана – 2017 (баспаға дайындаушы)
Дін, мәдениет, руханиат салаларына арналған 60 ғылыми-танымдық мақалалардың авторы.