ҚМДБ: «Мың айдан да қайырлы Қадір түні» онлайн бағдарламасы өтті (ФОТО)

20 мамыр 2020 6179 0
Оқу режимі

Кеше Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Хикмет» студиясы Қасиетті Қадір түнінің құрметіне Діни басқарманың youtube каналы және Instagram-дағы парақшасы арқылы 00:30-дан 02:40-қа дейін «Мың айдан да қайырлы Қадір түні» атты онлайн бағдарламасын ұсынды.

Тікелей эфир ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Қадір түніне арналған құттықтау сөзімен ашылса, Мырзатай Жолдасбеков, Ғарифолла Есім, Бақытжан Ертаев т.б ел ағалары мерекелік лебізін білдірді.

Сонымен бірге, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде 24 сәуірде басталған «Рамазандағы Құран хатым» атты онлайн хатым оқу шарасы түйінделді. Бағдарлама барысында көпке танымал қари Жұманазар Садырханов Құран аяттарын оқыса, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құран хатым дұғасын жасап, Алла Тағаладан еліміз бен жеріміздің амандығын сұрап, ізгі тілек тіледі.

Одан әрі онлайн бағдарламада ел назарына Қадір түніндегі құлшылық пен дұға жөнінде бейнеролик ұсынылса, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов «Құлшылық жасаудағы ықылас-ниеттің орны», ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров «Зікір, салауат және тасбих айтудың артықшылығы», ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков «Ислам – мейірім діні» тақырыптарында уағыз-насихат айтты.

Бұған қоса, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрсақов көрермендер тарапынан қойылған дін тақырыбындағы сұрақтарға жауап берсе, бағдарламалардың ойдағыдай өтуін «Хикмет» студиясының тілшісі, журналист Еркін Шәкірұлы қадағалап, эфир тізгінін ұстады.

Сондай-ақ, Қадір түнінде «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы жылдағы игі дәстүрден жаңылмай, 22:00-ден бастап таңсәріге дейін тікелей хабар таратса, Qazaq radiosy 18:10-нан бастап арнайы шығарылым ұсынды.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру