ҚМДБ өкілдіктеріндегі іс басқарушылардың жиыны өтті (ФОТО)

29 қазан 2018 6784 0
Оқу режимі

Бүгін Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Бірінші наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен ҚМДБ өкілдіктеріндегі іс басқарушылардың жалпы жиыны болып өтті. Өңірлердегі орталық мешіттердің іс басқарушы қызметіне жауапты мамандардың басын қосқан алқалы жиынға наиб мүфти Бауыржан Есмахан, ҚМДБ Аппарат жетекшісі Ғилымбек Мәжиев, ҚМДБ Іс басқарушысы Ербосын Бектұрсынұлы қатысып, бірқатар өзекті мәселелр бойынша келелі кеңес өткізді.

Күн тәртібіндегі бірнеше мәселе бойынша ортақ ой қорытып, мешіттердегі қаржылық ашықтықты айқындап, іс басқарушылардың жұмыс міндеттері нақтыланды. Сондай-ақ, құлшылық ордаларындағы кіріс-шығыс есептері мен мешіт мүліктеріне қатысты құжаттарды бірізділікке келтіру жұмысының да жай-жапсары кеңінен қозғалды.

Жиналыс аясында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың Төралқа жиналысында бекіткен тапсырмасына сәйкес мешіт іс басқарушыларының алты ай сайын жамағат алдында есеп беру жұмысы қаралды. Алматы қаласының іс басқарушысы Ержан Назарбек алғашқы сынақ ретінде жүргізілген есеп беру жұмысы жайлы баяндама жасап, өзге өкілдіктердегі әріптестерімен тәжірибе бөлісті.

Сондай-ақ, мутәуәлли (іс басқарушы) қызметінің мақсаты мен міндеттері қаралып, көпшілік талқысынан өткен қорытынды ұсыныс Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бекітуіне ұсынылды.

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру