ҚМДБ Төрағасы Халықаралық конференцияда баяндама жасады

15 сәуір 2022 4508 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Стамбұл қаласында өткен «Жаһандық індет, экономикалық кризис және цифрлы әлем тұрғысынан түркі-Ислам әлемінің болашағы мен діни басқармалар» тақырыбындағы халықаралық конференциясында арнаулы баяндама жасады.

Бас мүфти баяндамасында әлемді жайлаған пандемия дін өкілдерінің рухани әлемін әлсірете алмағанын, дін қызметкерлері сынақ кезінде де қоғамда ізгілік пен мейірімділік сынды асыл құндылықтарды кеңінен насихаттап, өзіне тиісті жауапкершілікті ойдағыдай атқарғанын, бұл сынақ мұсылман әлемін одан сайын біріктіре түскенін атап өтті. Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы бауырластық байланыстарды нығайтып, бірлескен іс-шараларды қолға алуды ұсынды.

«Алланың разылығы көзделген істе ғана ықылас пен шынайы амалдар жүзеге асады. Ғұламалар «Бауырмалдық – иман келтіргендердің өзара сүйіспеншілігі мен дін насихатында ортақ болуы» деген екен. Ендеше, мұсылман қауымын береке-бірлікке бастайтын Түркітілдес мемлекеттердің бас мүфтилерінің алқасы бауырмашылдық байланыстарымызды жандандыра түседі деген сенімдемін.

Баршаңызды мемлекеттеріміздің ынтымақтастығын арттырып, асыл дініміздің айбынын асыру үшін бірлесіп қызмет етуге шақырамын. Барлық бастамалар мен ұсыныстарды бауырлас елдермен бірлесе жүзеге асыруға қашан да дайынбыз. Бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдердің ауызбіршілігін арттыра түседі деген ойдамын. Бірлігіміз бекем болсын!» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетсек, Стамбұлда өткен халықаралық конференцияға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің діни басқармаларының төрағалары қатысып, мемлекеттер мен діни басқармалар арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру