ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

22 мамыр 2023 1959 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Тараз қаласында өтіп жатқан «Қарахан мемлекеті тұсындағы Ислам» халықаралық ғылыми-танымдық конференциясында баяндама жасады.

Бас мүфти Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Таразда осымен үшінші жыл қатарынан халықаралық ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырып отырғанын, 2021 жылы Атлах шайқасының 1270 жылдығына жылдығына орай «Қазақ даласына Исламның келуі», 2022 жылы «Тараздан шыққан діни тұлғалар. Профессор Насрулла Таразидің туғанына 100 жыл» атты конференциялар өткізгенін, ал бүгінгі айтулы жиын «Қарахан мемлекеті тұсындағы Ислам» тақырыбына арналып отырғанын алға тартты.

«Сатұқ Боғра-хан (915-955) Қарахан мемлекетінің негізін қалап, Тараз бен Қашғар қалаларын өз иелігіне қосты. Баласағұн билеушісін бағындырып, өзін жоғарғы қаған деп жариялады. Қарахан мемлекетінің Ислам тарихында айшықты орны қалды. Себебі Қарахан әулеті Ислам тарихындағы алғашқы түркі мұсылман мемлекеті болды.

Сатық Бұғра ханның Исламды қабылдауы түркі халықтарының саяси ұстанымына әсер етті. Сатұқтан кейін билікке келген баласы Мұса хан Исламға мемлекеттік дін мәртебесін берді. Одан кейінгі билеушілер де Ислам дінінің жан-жақты өркендеуіне жағдай жасады. Ханафи мәзһабының ғұламалары Қарахан мемлекетінің қазылық, дін қызметтеріне араласа бастады. Осылайша Мәуараннахр аймағына түркі-Ислам өркениеті таралып, Имам Ағзам негізін қалаған Ханафи мәзһабының қанат жаюына жол ашылды» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

ҚМДБ Төрағасы Қарахан мемлекетінің Орталық Азия аймағында төрт ғасырға жуық билік құрып, Түркістан аймағындағы алғашқы түркі-Ислам елі ретінде тарихта өзіндік орны бар алып мемлекетке айналғанын атап өтті.

«Қарахан билеушілері Бұхара мен Самарқанды Ханафи мәзһабының орталығына айналдырды. Соның нәтижесінде Орталық Азияда ақида, фиқһ үйретуге арналған медреселер көптеп бой көтерді. Осы медреселерден көптеген дін ғұламалары шықты. Қарахан билеушілерінің қамқорлығының арқасында Түркістан өлкесі мен Мәуераннахр аймағы білім мен ғылымның, мәдениет пен өркениеттің орталығына айналды» деді Бас мүфти.

ҚМДБ Төрағасы Қарахан дәуірінде ғұмыр кешкен фақиһтар мен ғалымдар, олардың қалдырған мол мұралары, сол уақытта бой көтерген мешіттер мен медреселер тарихы кеңінен зерттелуі керек екенін алға тартып, бүгінгі конференция болашақта атқарылатын сондай жұмыстардың бастамасы болады деп түйіндеді.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру