ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ МЕККЕДЕ ҚАЖЫЛЫҚ КОМПАНИЯЛАРЫ БАСШЫЛАРЫНА ЖИНАЛЫС ӨТКІЗДІ (ФОТО)

26 маусым 2023 2071 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Мекке қаласында қажылық компаниялары басшыларына жиналыс өткізді. Кездесуге Қазақстанның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Берік Арын, Қажылық миссиясының мүшелері, 18 қажылық компаниясының жетекшілері мен уағыз-насихат жұмыстарына жауапты имамдар қатысты.

Басқосу барысында қазақстандық қажылардың ұлы құлшылыққа дайындығы, қажылық компанияларының қызмет көрсету сапасы т.б мәселелер талқыланды.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы компания жетекшілеріне қажыларға сапалы қызмет көрсетуді, имамдарға азаматтарымыздың құлшылығының дұрыс орындалуын қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ жиында қажыларға алғашқы медициналық көмек көрсету, қауіпсіздік шараларын ескеру секілді мәселелер пысықталды. Қажылық компаниялары жетекшілеріне ҚМДБ тарапынан 18 компанияға бөлініп берілген уағызшы имамдардың лайықты уағыз-насихат жұмыстарын жүргізуіне, қажылардың іс-шараларға жүйелі қатысуын қадағалауға қатысты тиісті тапсырмалар берілді.

Жиында Қазақстан қажылық миссиясының мүшелері де өз ұсыныс-тілектерін жеткізіп, ұлық сапарда белсенділік танытып, жұмысқа жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Жиналыс барысында іс шараға қатысқан компания басшылары қажылыққа заңсыз жолмен, яғни қажылық визасыз келген Қазақстан азаматтарына заңды түрде тиісті шара қолдану қажеттігін алға тартып, елшіге көкейде жүрген сұрақтарын қойды.

Елшілік өкілдері бұл мәселені назарда ұстайтынын жеткізді. Сондай-ақ, қажылық маусымында Сауд Арабия аумағына заңсыз, яғни туристік визамен келген шетелдік азаматтар анықталған жағдайда Сауд Арабиясының заңдарын бұзғаны үшін 50 мың риал көлемінде айыппұл салынатыны, 6 айға қамауға алынатыны және депортацияланатыны туралы ақпарат берді.

Айта кетейік, биыл қажылық парызын өтеу үшін Мекке қаласына 4000 отандасымыз келді. Оларға 18 қазақстандық қажылық компаниясы қызмет көрсетуде.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру