ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ҚҰЛСАРЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

12 сәуір 2024 1502 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысына барған сапарында Жылыой ауданы Құлсары қаласының тұрғындарымен кездесті.

Халыққа насихат айтқан Бас мүфти: «Өмір сынақ алаңы болғандықтан адам баласының басына қуанышты жағдайлармен бірге қайғының да қатарласып келетіні белгілі. Ешбір пенде өз өміріне Алла Тағаладан тауқымет пен сынақты сұрап алмайтыны анық. Алайда мұсылман өз басына сынақ келген жағдайда оған сабыр етуі қажет. Кез келген игі істің белгілі сауабы болады. Ниеттің шынайылығына орай он еседен жеті жүз есеге дейін сауабы еселеніп беріледі. Ал қиындыққа шынайы сабыр етудің сауабы әлдеқайда көп болмақ. Алла Тағала «Зүмәр» сүресінің 10-аятында: «Расында қиындықтарға мойымай сабырлық танытқан жігерлі жандарға сый-сияпаттары (сауабы) есепсіз беріледі» деген. Қиыншылық соңында қайыр-жақсылық болатынын ұмытпау керек. Өйткені Алла Тағала «Шарх» сүресінде: «Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. Шын мәнінде қиыншылықпен бірге бір жеңілдік бар» деген. Алла Тағала осы сынақтың соңын жақсылыққа ұластырғай. Әмин» деді.

Айта кетсек, ҚМДБ өкілдері Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау облыстарына 100,1 тонна ұн, 43 тонна ұн-жарма (күріш, қарақұмық, макарон, қант), 9 тонна күнбағыс майын т.б. жеткізді. Бұдан бөлек 10 күн ішінде «Су тасқынынан зардап шеккендерге шұғыл көмек қайырымдылық керуені» акциясы аясында 18 жүк тасымалдайтын фура, 77 «ГАЗель» азық-түлік, тұрмыстық заттар, құрал-саймандар, көрпе-төсек, киім-кешек жеткізілді.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру