Смайыл Сейітбеков діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды (ФОТО)

17 сәуір 2020 5047 0
Оқу режимі

Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Смайыл Сейітбеков ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

«Сейітбеков Смайыл Сүйерқұлұлы ҚМДБ Халал стандарттау бөлімінің меңгерушісі, ҚМДБ-ға қарасты «Халал даму» ЖШС директоры қызметінен босатылып, ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалсын» делінген Бас мүфти бұйрығында.

Наурызбай қажы Тағанұлы Смайыл Сүйерқұлұлын ресми тағайындау рәсімінде оның ғылым мен білім саласындағы тәжірибесі мен еңбегін ерекше атап өтіп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Смайыл Сүйерқұлұлы Сейтбеков

1976 жылы туған.

Білімі мен біліктілігі:

1992 жылы мектеп бітірген соң Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы келісім-шарт негізінде Түркияға жоғары білім алу үшін барған.

1992-1993 жылы Бурса қаласындағы түрік тілін үйрету орталығында тіл үйренген.

1993 жылы Бурса қаласындағы Улудаг университетінің Илаһият (теология) факультетіне түсіп, 1998 жылы «Теолог» мамандығы бойынша бітірген.

1998-2003 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы Халықаралық Қазақ-Араб университетінде оқытушы болып қызмет атқарған. Университет қабырғасында қызмет етіп жүріп «Ислам тарихы (әмәуилер мен аббасидтер кезеңі)», «Ислам әдебі» атты кітап жазған.

2003-2005 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Дінтану» мамандығы бойынша магистратурасын қызыл дипломмен бітірген.

2005-2007 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасын тәмамдаған.

2010 жылдың 30 қаңтар күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Исламдағы сунна ілімінің мәдени, тарихи орны» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған.

Еңбек жолы:

2004-2005 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Тастақ мешітінде наиб имам болып қызмет еткен.

2005-2011 жылдар аралығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, Орал облыстық орталық мешітінің бас имамдық қызметін атқарған.

2008-2011 жылдар аралығында «Орал медресесінің» директоры қызметін қоса атқарған.

2011-2013 жылдар аралығында ҚМДБ-ның Діни оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

2013-2019  жылдар аралығында ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы, Маңғыстау облыстық орталық мешіттің бас имамы болып қызмет етті.

2019 жылдың қазан айынан бастап ҚМДБ Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

2020 жылдың 13 сәуірінде ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.  

Отбасылы, 5 ұлдың әкесі.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру