Соңғы 5 күнде 30-ға жуық қазақстандық қажы дәрігерге қаралды (ФОТО)
Қасиетті мекенге табан тіреген парызын өтеушілерге алғашқы медициналық көмек көрсету басталып кетті.
Соңғы 5 күндегі статистика бойынша 27 адам дәрігерге қаралды. Әрбір компанияның дәрігерінен бөлек, Қазақстан қажылық миссиясы да өзімен бірге білікті үш медицина маманын ала келген болатын. Ақ халаттыларға жетекшілік ету жұмысы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ШЖҚ «№2 қалалық балалар ауруханасы» МКК-нің Бас дәрігері Біржан Досмаиловқа тапсырылды. Одан бөлек миссия құрамында Ардақ Беков және Айгүл Зұлқажы бар. Қазіргі уақытта миссия тарапынан ұйымдастырылған медициналық қызмет көрсету бөлмесі тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Қажетті деген барлық дәрімен қамтылған. Білікті мамандар Меккеге келген бойда қажылық компанияларын аралап, ондағы ел азаматтарының денсаулығын тексеріп, керекті кеңестерін берді. Өйткені Мекке қаласындағы аптап ыстыққа байланысты елден келген қажылардың қан қысымы тез көтерілуде. Осыған орай ыстықтан қорғану ережелері жазылған шағын ескертпелер де таратылды.
Сондай-ақ шағым білдірген науқастарға сол мезетте ем-дом жасалуда. Осы мерзім ішінде дәрігердің еміне жүгінген 27 адамның 7-і жүрек қан тамыры жүйесі ауруларымен, 15 адам жоғарғы тыныс жолы, асқазан, ішек жолы ауруларымен науқастанған 5 адам, тірек қимыл аппараты және тері аурулары бойынша 5 адам медициналық көмек алған.
Жалпы алғанда биылғы маусымда Сауда Арабиясына әлемнің түкпір-түкпірінен қажылығын өтеуге келген 190 мың адам дәрігердің көмегіне жүгініпті.
Дереккөз: muftyat.kz