Студент жастар «Әзірет Сұлтан» мешітінде ауыз ашты (ФОТО)

26 мамыр 2018 9074 0
Оқу режимі

Бүгін Астана қаласындағы ЖОО студенттері республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі ауызашар дастарханына арнайы шақырылып, құрметті қонақ болды. Алла разылығы үшін ауыз бекітіп, ораза ұстаған студенттер қауымы «Берекелі Рамазан» дастарханы аясында уағыз-насихат тыңдап, рухани тұрғыдан да нәрленіп қайтты. Елордамыздағы беделді университеттер қабырғасында білім алып жатқан жастармен «Әзірет Сұлтан» мешіті бас имамының көмекшісі Жандос Тәжімұратұлы кездесіп, жастық шақтың қадірі жайында тұшымды ой толғады.

Ардақты Алла елшісі Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «кәрілік келмей тұрып, жастық шақтың қадірін біл!» деген өсиетінен  басталған тағылымды уағыз студенттер қауымына ерекше әсерін беріп, берекелі кештің тағылымға өтуіне септігін тигізді. Жалынды жастық шақты оқу-білімге арнап, дүниелік әрі ақыреттік пайдасы бар игі істерге жұмсауға үндеген бүгінгі уағыздың Елордамыздың белсенді жастарына тың сеерпіліс беріп, жақсылыққа жетелей түсері де анық.

Осылайша, берекелі дастархан үстінде бас қосып, шат-шадыман күй кешкен жастарға кеш соңынан «Әзірет Сұлтан» мешітінің атынан Рамазан айының құрметіне орай кітаптар үлестіріліп, құрма мен тәттілер толтырылған сыйлық сөмкелері тарту етілді.

Пікірлер Кіру