Тарауих намаздарынан соң тегін автобус жүреді (КЕСТЕ)

16 мамыр 2018 9380 0
Оқу режимі

Мінекей, қасиетті Рамазан айының басталуына да санаулы сағаттар ғана қалды. Көп ұзамай бүкіл әлем мұсылмандары Рамазан айын қарсы алып, Алла разылығы үшін ауыз бекітетін болмақ. Танның атысы мен күннің батысы аралығында ішіп-жемнен, нәпсі қалауларынан тыйылып, тақуалыққа талпыныс жасайды. Ізгілік пен имандылыққа бет бұрып, қасиетті Құран түскен құтты айды лайықты дәрежесінде өткізуге әрбір мұсылманның тырысары сөзсіз.

Осы орайда, ҚМДБ тарапынан еліміздегі мешіттерде қасиетті Рамазан айына дайындық жұмыстары жан-жақты пысықталып, жамағатқа қолайлы жағдай қалыптастыруға қатты көңіл бөлінді. Ауыз бекіткен жамағатқа арнап ауызашар дастархандарын ұйымдастыру, қалың халыққа Рамазан айы жайлы ақпараттық насихат жасау, тарауих намаздарын өткізу секілді маңызды мәселелер жайы да алдын ала ескеріліп, дайындық деңгейі бірнеше мәрте пысықталған болатын.

Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде де қасиетті Рамазан орай бірнеше ірі шаралар қарастырылып, Рамазан айын лайықты дәрежесінде өткізу жоспарланып отыр. Қасиетті ай бойы мешіт мейрамханасында күн сайын 800 адамға тегін ауызашар беріліп, тарауих намаздарында еліміздің ең үздік қарилар имамдық ететін болмақ.

Сондай-ақ, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Әзірет Сұлтан» мешітінің жамағаты үшін тарауих намаздарынан соң үш бағыт бойынша тегін автобус қатынайтын болады.

Алла Тағала қасиетті Рамазан айын сауапқа толы өткізуді жазсын!

Пікірлер Кіру