Таразда «Әл-Әділ» мешіті ашылды (ФОТО)

17 ақпан 2020 7204 0
Оқу режимі

Тараз қаласының «Арай» шағын ауданында тағы бір көрікті де зәулім мешіт бой көтеріп, оған Алланың 99 көркем есімдерінің бірі «Әл-Әділ» деген атау берілді. 

Мешіттің ашылу салтанаты Жалғасбай Дүйсенбайұлының Құран оқуымен басталып, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті ректорының кеңесшісі Ержан қажы Малғажыұлы мешіт салу туралы сөз сөйледі.

«Мешіт салу Алла алдында ең ұнамды әрі сауабы мол амалдардан. Міне бүгін осындай қуанышты сәтте, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кезеңде Алла үйі салынып, құлшылық етуге, барлық діни рәсімдерді атқаруға жағдай жасалып отыр. Ата-бабамыз аңсап кеткен игіліктерге, Аллаға шүкіршілік етеміз!» – деді Ержан қажы Малғажыұлы.

Келесі кезекте көпшілікке Серікбай қажы Ораз өркениеттің бастауы көне Тараз халқымен амандық сұрасқаннан соң, мешіт нығметтері туралы уағыз айтты. Алла Тағала тура жолға бастау үшін мешіттің айналасын берекеге толтырып қояды екен. Мешіт адамдарды ақиқат пен ізгілікке бастап, тәрбие мектебі болады. Жер бетінде мешіт ашылғанына мұсылмандар қалай қуанса, аршыда Алланың әмірімен періштелер де солай қуанады екен. Сондай-ақ, ең алғаш қазақ даласына келген ислам баспалдағы киелі Тараз қаласынан басталып, Әулие ата жерінде алғашқы мешіт салынғанын айтып өтті.

Серікбай қажы Сатыбалдыұлы «Әл-Әділ» мешітінің имамы болып Расылхан Сыбанбайұлы, ал наиб имамы болып Жалғасбай Дүйсенбайұлы тағайындалған бұйрықты оқып, табыстады. Бұған дейін Расылхан Сыбайбайұлы Тараз қаласындағы «Кеңесхан қажы» мешітінің наиб имамы қызметінде болған.

Жаңа мешітке кірген жамағат Серікбай қажының жүргізуімен жұма уағызын тыңдаған соң, 300-ге жуық мұсылман жұма намазын оқыды.

Дереккөз: «Кеңесхан қажы» мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру