ТАРАЗДА «QAMQOR-SHARAPAT» САЛТТЫҚ ҚЫЗМЕТ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ (ФОТО)

23 мамыр 2023 2592 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Жамбыл облысына сапары барысында «Һибаттула Тарази» орталық мешіті жанынан бой көтерген «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығын ашты.

Бас мүфти халық арасында ас беру, зират көтеру және қабірлерді зиярат етудің шариғатқа сай әдебі мен мәдениетін қалыптастыру мақсатында ҚМДБ «Зират және зиярат мәдениеті», «Ас беру мәдениеті» құжаттарын қабылданғанын, сондай-ақ осы бағытта мүфтият жанынан «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп жатқанын атап өтті. 

«Дүниеден өткен адамның ақтық сапарын шариғатқа сай атқару керек. Бұл орталық шариғат талаптарына, ҚМДБ бекіткен құжаттарға сай жерлеу рәсімін жүзеге асыруға көмектеседі. Бүгінде бастамамыз жолға қойылып, бірқатар өңірде «Qamqor-Sharapat» орталығының мәйітханалары жұмыс істеуде. Міне, бүгін осындай орталық Жамбыл облыстық мешіті жанынан ашылып отыр. Біз мешіттер жанынан мәйітханалар ашу арқылы қазалы үйге барынша көмек көрсетіп жатырмыз. Себебі қайғы жамылған қазалы отбасыға жерлеу рәсімдерін атқару оңай іс емес. Сондықтан халықтың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, марқұмды жуындыру, кебіндеу, жерлеу секілді жоралғыларды шариғат талаптары бойынша атқаруға жәрдем беріп келеміз» деді Наурызбай қажы Тағанұлы. 

Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы Діни басқарманың тағы бір мақсаты ас беру кезінде ысырапқа жол бермеу, ас беру әдебін қалыптастыру екенін алға тартып, қайтқан кісіге зират тұрғызу, кесене салу және марқұмдарға зиярат жасаудың жалпыға ортақ бірыңғай мәдениеті бар екенін еске салды.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру