Тарбағатайлық кәсіпкер 13 мұқтаж отбасыға соғым сойып берді

11 ақпан 2019 6234 0
Оқу режимі

Шығыс Қазақстан өңірінің Тарбағатай ауданының кәсіпкерлері #Жақсылық Жаса акциясына үн қосып, аз қамтылған отбасыларға көмектесуде

Өскемендік Қанат Оралбек есімді фейсбук қолданушысы жазғандай, республиканың түкпір-түкпірінде қолдауға ие болған акциядан алыс ауданның қалталы азаматтары да тыс қалмапты.

«Тарбағатайлық азаматтар ежелден жақсылыққа бастамашы. Бәделхан Кәмәлханұлы ағамыз 13 мұқтаж отбасыға бір-бір жылқыдан сойып беріпті. Аудан кәсіпкерлері тегін көмір мен азық-түлік таратып жатыр екен. Көпке үлгі боларлық игі іс», - деп жазады Қанат Оралбек.

Еске сала кетсек, осыдан бір апта бұрын астаналықтар шыңылтыр аязда аялдамада автобус күткен тұрғындарды көліктерімен жеткізіп тастап, күн суық кезде көпшілікке көмектесуге шақырған еді.

Арада көп уақыт өтпей, #ЖақсылықЖаса акциясы жан-жақты сипат алып, қазақстандықтар бір-біріне қолұшын соза бастады. Бір қуанарлығы, азаматтар аязды күні көлігімен адамдарды үйіне жеткізіп салумен шектелмей, көпбалалы отбасыларға да қолдау көрсетті.

Ізгі үрдіске шақырған азаматтар Фейсбукте өз жазбаларын #ЖақсылықЖаса немесе #ДелайДобро хэштегімен таратуда. «Жақсылық жаса» акциясына Қазақстанның бүкіл өңірінің жастарының белсенді түрде атсалысқаны қуантады. Әр өңірдегі жастардың бір бөлігі көпбалалы отбасыларға арнайы шот ашса, кейбірі тұрмысы төмен отбасыларға көмір түсіріп, азық-түлік, киім-кешек әперіп, көмектесті.

 

Дереккөз: Қазақпарат

Пікірлер Кіру