Тұңғыш рет Мәуліт жыры домбырамен орындалды (ФОТО)

29 қараша 2018 7559 0
Оқу режимі

Раббиул Әууал – мұсылман күнтізбесі бойынша пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған айы. «Мәуліт» сөзі «туған күн» деген ұғымды білдіреді. Раббиул Әууал айын мәуліт айы деп те атайды. Тунис, Түркия, Марокко, Алжир, Сирия сынды мұсылман елдері мәуліт мейрамын айрықша атап өтеді. Мәуліт кешін ұйымдастыру Орталық Азия елдерінде дәстүрге айналған. Өткен жылы Сауд Арабия Корольдігі бұл мейрамды ресми түрде тойлау туралы қаулы қабылдады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жыл сайын Раббиул Әууал айында мәдениет үйлерінде, зәулім сарайларда, ірі спорт кешендерінде мәуліт кешін өткізіп келеді. Рухани кеште Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат айтылады, өсиетті өлеңдер оқылып, жыр-термелер орындалады. Ғибратты сахналық көріністер қойылады. Бүгінде дүйім жамағат бұл үрдіске үйренген...

Осынау айтулы игі іс-шараның негізгі мәні – пайғамбардың өмірбаяны мен өнегелі өмірін баяндайтын мәуліт жырының оқылуы. Сондықтан рухани кештің басым бөлігі мәуліт жырына арналады. Әз пайғамбардың туған кезінен бастап өмірінің соңғы сәттеріне дейінгі ғибратты ғұмыры жырланады. Ол араб тілінде орындалатын. Жамағат тарапынан: «Осыны қазақша орындаса болмас па екен?» – деген өтініш-тілек айтылатын. Өйткені, жиналған жамиғат арапша айтылған жырды түсінбай қалатын.  

Жуырда Алматы қаласында Республика сарайында мәуліт кеші өтті. Көптің тілеуіне орай, белгілі айтыскер ақын, сазгер, жыршы-термеші Жәкен Омаров мәуліт жырын өзі жазып, әрі домбыраның сүйемелдеуімен қазақы мақаммен өзі орындап шықты.

Жәкен Қазыбекұлының жазған мәуліт жырының «Пайғамбардың туылуы» деп аталатын бөлімінде:

«...Туылған шақта Мұхаммед,
Жер жаһанды билеген
Патшалар тілі байланды-ай,
Бір күн, бір түн өткенше,
Өздері бұған қайрандай,
Нөкерге әмір бере алмай,
Ақылы болды айрандай.

Мың жыл жанып өшпеген,
Парсының оты сөнеді,
Шамда Сауа дарияның,
Суға толды кемері.

Дижләда шах Хұсраудың,
Сарайы дейді жығылды.
Пұт біткеннің барлығы
Тұғырдан құлап қырылды.
Жұлдызшы мен палшылар
Себебіне үңілді,
Далбасалап долбары
Жандары анық сығылды.
Он сегіз мың бар ғалам
Біріне бірі сүйінді.
Періштелер асығып,
Мекке қарай құйылды.
Аспан мен жер гүрілдеп,
Қуанғаны білінді.
Түн менен Күн таласты,
Көрсек деп Хабиб түріңді.
Шыр еткен даусын есітіп,
«Я Құдая Шүкір!» деп,
Қараңғылық түрілді.
Сәһәр таңға ұласып,
Елестетші көзіңе,
Асығып шыққан Күніңді.
Ал, сүйінші, Үмметі,
Пайғамбарым туылды...» 
деген жолдар бар.

Мәуліт кешіне қатысқан Бас мүфти Серікбай қажы Ораз рухани шараның қорытынды басқосуында: «Біз кеше ғана мұсылман болған ел емеспіз. Біздің байырғы бабаларымыз, яғни түркілер Ислам дінін көркем сөзбен, жырмен, өлеңмен жеткізіп, ізгілікті насихаттаған. Жазушы Мұхтар Әуезов: «Қазақ арасына Ислам дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды», – деген. Демек, пайғамбар өмірін жалпы жұртқа өлең-жырмен жеткізу – ата-бабаларымыздан келе жатқан игі дәстүр. Бүгінде осы дәстүрімізді қайта жаңғыртып, ізгілікті насихаттаудың бұрыннан қалыптасқан тәсілін қолданып келеміз. Бұл – дұрыс қадам», – деп атап өтті. Сонымен қатар, Серікбай Сатыбалдыұлы мәуліт мерекесіне арналған игі шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған мүфтият қызметкерлері мен белгілі қари, Алматы қаласының бас имамы Еркінбек қажы Шоқай бастаған имамдарға алғысын жеткізді.

Айта кетер жайт, ақын, сазгер Жәкен Омаровтың орындауындағы мәуліт жырын жамағат жылы қабылдап, ізгі лебіздерін жеткізуде. Дін мен дәстүрдің үйлескен осы бір үрдісін ұдайы жаңғыртып отыру басты мақсат болып қала бермек.

Дереккөз: Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚМДБ баспасөз хатшысы

Пікірлер Кіру