Түрлі ұлт өкілдері «Берекелі Рамазан» дастарханында бас қосты (ФОТО+ВИДЕО)

20 мамыр 2019 6816 0
Оқу режимі

Кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы түрлі ұлт өкілдері республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде бас қосып, «Берекелі Рамазан» дастарханынан ауыз ашты. Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, осы кезге дейін «Әзірет Сұлтан» мешітіне келіп мұсылмандық қабылдаған сан түрлі ұлт өкілдері бір үйдің баласындай бірлік танытып, бауырмалдықтың озық үлгісін көрсетті.

ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен былтырғы жылдан бері мешіттің конференц залында арнайы бөлек ұйымдастырылып келе жатқан «Берекелі Рамазан» дастарханы бүгінгі таңға дейін түрлі топ мүшелері мен сан алуан қоғамдық ұйым мүшелеріне жайылып келеді. Портал жаңалықтарында бұған дейін «Берекелі Рамазан» дастарханынан көп балалы аналар, боксшылар, жедел жәрдем қызметкерлері дәм татқанын жазған болатынбыз.

Дегенмен, кешегі ауызашар дастарханының мән-маңызы айрықша болғандай. Тілі бөлек, түрі басқа болғанымен, Қазақстан атты алып шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің достығы мен бауырмалдығы Бас мешіттегі ауызашар дастарханында бұрынғысынан бекемдене түскендей аңғарылды. Еліміздің амандығын, жеріміздің тыныштығын тілеген құрметті қонақтардың дұға-баталары да бірлікке үндеп, бауырмалдыққа шақыра түскендей.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру