«УАҚЫП» қоры мүмкіндігі шектеулі жандарға мүгедектер арбасын сыйлады

22 қазан 2018 7087 0
Оқу режимі

Астанада «ДОС» Тәуелсіз өмір» Орталығы LDS Charities халықаралық қайырымдылық ұйымымен бірлесіп, «WAQYP» корпоративтік қайырымдылық қорының қолдауымен 16-18 қазан аралығында «Мүгедектігі бар азаматтардың өмір салтын жақсарту және мүгедектер арбасын жинау» тренинг өткізді. Рухани келісім күніне орай «Барыс-Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылған іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және әлеуметтік қорғау, сондай-ақ, Қоғамдық даму министрлігінің өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Оқу курсы толық аяқталғаннан кейін «WAQYP» корпоративтік қайырымдылық қоры арбаларды Мүгедектер қоғамдық бірлестігі «ДОС» Тәуелсіз өмір» Орталығы ұсынған тізім бойынша Қазақстанның барлық облыстарына жеткізіп береді.

Айта кететіні, түрлі әлеуметтік жобаларды қолдаумен айналысатын «WAQYP» корпоративтік қайырымдылық қоры 2017 жылдың шілде айында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған. Елбасының 2017 жылғы 20-маусымдағы Жарлығына сәйкес, аталмыш қор жеке және заңды тұлғалардың еркін түрде бөлген қаржыларын біріктіріп, қайырымдылық жасап, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға жолдауды, дәстүрлі рухани және діни құндылықтарды дамыту, бейбітшілікті нығайту, қоғамда достық пен келісімді сақтау, рухани білім беру ұйымының, діни, тарихи, мәдени маңызы бар ғимараттар мен нысандардың қызметін қамтамасыз ету және діни мекеме қызметкерлерін және рухани ұйымдардың қызметкерлерін қолдауды көздейді. Сонымен қатар, халықтың діни сауатын арттыру, діни радикализм мен экстремизмнің алдын алу, психологиялық және құқықтық көмек көрсету және теріс пиғылды ағымдардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік тұрғыда бейімдеуді мақсат тұтады. Мұның баршасы 2017-2020 жылдарға арналған мемлекет саясатының дін саласындағы маңызды бөлігі саналады.

16-18 қазан күндері өткен тренинг барысында «УАҚЫП» қайырымдылық қоры 30 бірдей мүмкіндігі шектеулі жанға мүгедектер арбасын тегін табыстаса, қалғаны республиканың барлық өңіріндегі мұқтаж жандарға өтінім мен кестеге сәйкес таратылмақ. Арбаларды әділ түрде бөлу қатаң бақылауда болады және жобаның ашықтығын толықтай қамтамасыз етеміз дейді қор қызметкерлері.   

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру