Ясауи кесенесінің желдеткіш жүйелері тарихи қалпына келтіріледі

16 тамыз 2019 5497 0
Оқу режимі

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Қабірхана, Үлкен Ақсарай және Құдықхана бөлмелерінде қайта жаңарту жұмыстары басталды деп хабарлайды «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі.

Құрылыс жұмыстарын «Қазқайтажаңарту» РМК-нің Алматы, Қызылорда, Түркістан филиалдары жүргізсе, Қожа Ахмет Ясауи және Рәбия Сұлтан Бегім ана кесенелерінің күмбездері де жаңартылу үстінде.

Айта кетсек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты тарихи орындарды анықтау, қайта қалпына келтіру мақсатында жобасы дайындалғаны белгілі. Осы орайда қаладағы басты 18 тарихи-мәдени мұра нысанын реставрациялау және қайта жаңғырту жоспарланды.

Ең алдымен алдағы 3 жыл ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің басты компоненттері – Қазандық, Қабірхана, Басты портал жаңғыртылады. Кесененің ішін жылы ұстау және дұрыс жарықтандыру үшін жарықтандыру және желдеткіш жүйелері тарихи қалпына келтіріледі.

Қазақ хандарының мәжіліс өткізетін және елшілерді қабылдауға арналған Үлкен Ақсарай бөлмесі сол дәуірдегі ұлттық ерекшелігі сақтала отырып, толығымен қайта қалпына келтіріледі.Елбасының тапсырмасы бойынша Рүстем Абдрашевтің «Алмас қылыш» көркем фильмінің бір эпизоды дәл осы Ақсарай бөлмесінде түсірілген. Ақсарай бөлмесі тәрізді өзге де залдардың экспозициялары, соның ішінде Қазандық пен Құдықхана бөлмелері қалпына келтіріледі.

Қожа Ахмет Ясауи қабірханасы екі қабат күмбезбен көмкерілген. Ганчтан жасалған өрнекті әшекей Қабірхана төбесін жауып тұрған төменгі күмбезді жасырып тұр. Сырттай Қабірхана төбесіне биік барабан үстінде тұрған сәнді көп қатпарлы (52 қатпар) күмбез орнатылған. Қожа Ахмет Ясауи қабірханасының сыртқы күмбезінің диаметрі –10 метр.

Үлкен Ақсарай – Қазандықпен, Кіші Ақсараймен дәліздер арқылы жалғасады. Дәлізде екінші қабатқа шығатын баспалдақ бар. Ақсарай кейіннен ХV-ХVІ ғасырларда Қазақстан мен Орта Азия сәулет өнерінде алғаш рет пайдаланған аркалардың қиылысу конструкциясы қолданылған, сондықтан бөлме құрылысы өз заманындағы аса бағалы сәулет ескерткіші болып табылады.

Құдықхана – қазандық пен дәліз арқылы байланысты ғимараттың шығыс жағындағы, мұнараға көтерілетін баспалдағы бар шаршы бөлме оңтүстіктегі шұғыл ойық есебінен созылыңқылау болып көрінеді. Құдықхананың аты осындағы құдықпен байланысты. Құдық құрылыс кезінде су алу үшін қазылған деген жорамал бар. Құдық айналдыра дөңгелете кірпіштен қаланған. Диаметрі – 80 см. Аталған құдықтан су алып Тайқазанды толтыратын болған.

Рабия Сұлтан Бегім кесенесі – ХV ғасырдың ескерткіші. Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік-шығыс беткейінен 60 метр қашықтықта орналасқан. Ескерткіш біздің уақытқа дейін өте қатты қиратылып кеткен қалпында жеткен, 1980-ші жылдардың бас кезінде толығымен қайта қалпына келтірілді.

Дереккөз: «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру