Жылқы еті мен сүті халал деп танылды

19 қыркүйек 2019 8581 0
Оқу режимі

Мұсылмандардың жаһандық діни орталығынан жылқы еті мен сүтінің «халал» екені туралы пәтуа шықты, — деп хабарлайды Мысырдағы Қазақстан Елшілігі. Мұсылмандардың «де факто» жаһандық діни орталығы саналатын «әл-Азһардан» жылқы еті мен сүтінің, оның ішінде саумал мен қымыздың халал екені туралы пәтуасы шықты.

Мысыр сияқты мұсылман елдерінде қазақ халқының негізгі тағамы және сусыны саналатын жылқы еті мен қымызға қатысты қате көзқарастарды (харам немесе мәкрух деген жалған пәтуаларды) жою мақсатында Қазақстанның Каирдегі Елшілігі «әл-Азһар» шейхі кеңсесіне аталған қате пікірлерге қарсы ұстаным білдіру және жаһандық деңгейде пәтуа шығару туралы өтініш жолдаған болатын. Жуырда аталған мәселе қатысты Ислам зерттеулері академиясының отырысында қарастырылып, келесі үкім шығарылды: Бухари мен Муслим риуаят қылған «Алланың Елшісі (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын!) «Хайбар» жорығы кезінде үй есегінің етін жеуге тыйым салып, жылқы етін жеуге рұқсат етті» деген хадиске, сондай-ақ Муслимның Әсма бинт Әбу Бакрден риуаят қылған «Алланың Елшісі (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын!) тұсында Мәдине қаласында жылқы сойып жеуші едік» деген хадиске сүйене отырып, ғалымдардың пікірін, әсірісе Ханафи мазхабы ғұламаларының пәтуаларын дәйек келтіре отырып, жылқы етін жеуді және сүтін ішуді «халал» екенін растаймыз.

Еті желінген малдың сүтін де ішу (саумал, қымыз) халал. Сахаба Джабир жеткізген «Алланың Елшісімен (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын!) сапарға шыққанда жылқы етін жеп, сүтін ішуші едік» деген хадис нақты дәлел болып табылады. Сонымен қатар, тауарларын экспорттау мақсатында кейбір отандық өндірушілердің өтініші негізінде тарыдан жасалынған боза сусыны туралы сұрау салынған болатын. Бұл туралы «әл-Азһар» мас қылмау және зиян бермеу шартымен «мүбаһ» (рұқсат) деген пікір білдірді.

Пәтуада «Негізінде кез келген зат мүбаһ» деген шариғат қағидасы осындай заттарға қолданылады. Ол адамды мас қылатын немесе зиян беретін болса, рұқсат етілмейді. Бұл мәселе бойынша медицина және т.б. салалардағы мамандардың пікірлеріне сүйеніледі» делінген. Үкімнің аудармасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«КИЕЛІ ӘЛ-АЗҺАР»

Ислам зерттеулер академиясы фықых зерттеулері комитетінің Қазақстан Елшілігінен келіп түскен сұрауына жауап ретінде берілген

ҚАРАРЫ

2019 жылғы 13 наурызда «әл-Азһар» шейхінің атына Қазақстанның Каирдегі Елшілігінен келіп түскен мұсылман елдерінде кеңінен таралған қазақ халқының дәстүрлі тағамдары мен сусындары (жылқы еті, сүті және боза) туралы хатына қатысты Бас имамның тапсырмасына сәйкес, аталған мәселе 2019 жылғы 21 тамыздағы Ислам зерттеулері академиясының отырысында қарастырылды.

Отырыста келесі шешім қабылданды: Бухари мен Муслим риуаят қылған «Алланың Елшісі (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын!) «Хайбар» жорығы кезінде үй есегінің етін жеуге тыйым салып, жылқы етін жеуге рұқсат етті» деген хадиске, сондай-ақ Муслимның Әсма бинт Әбу Бакрден риуаят қылған «Алланың Елшісі (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын!) тұсында Мәдине қаласында жылқы сойып жеуші едік» деген хадиске сүйене отырып, ғалымдардың пікірін, әсірісе Ханафи мазхабы ғұламаларының пәтуаларын дәйек келтіре отырып, жылқы етін жеуді және сүтін ішуді «халал» екенін растаймыз. Еті желінген малдың сүтін де ішу халал. Сахаба Джабир жеткізген «Алланың Елшісімен (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын!) сапарға шыққанда жылқы етін жеп, сүтін ішуші едік» деген хадис нақты дәлел болып табылады. Жүгеріден жасалынған боза сусыны туралы келесі шешім қабылданды: «Негізінде кез келген зат мүбаһ» деген шариғат қағидасы осындай заттарға қолданылады. Ол адамды мас қылатын немесе зиян беретін болса, рұқсат етілмейді. Бұл мәселе бойынша медицина және т.б. салалардағы мамандардың пікірлеріне сүйеніледі. Алла Тағала біледі.

Хиджраның 1441 жылғы 5 мухаррамы
2019 жылғы 4 қыркүйек
Ислам зерттеулері академиясының 
Бас хатшысы, проф. доктор
Назир Мұхаммед Мұхаммед ән-Назирдің қолы қойылған.

Дереккөз: kazislam.kz

Пікірлер Кіру