Азан айтылған кезде тыңдаушы не істеу керек?

25 қаңтар 2021 9078 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Азан айтылған кезде тыңдаушы не істеу керек? Дархан Оралханов


Жауап

Уа алейкум ассалам!
Азан тек азаншылармен шектелетін құлшылық емес. Сондықтан да азанды естіген әрбір адамға қатысты бес сүннет амал бар. Олар: 

1. Азаншының соңынан ілесіп, азан сөздерін қайталау.
Әбу Сағид әл-Худри (р.а.): «Егер азан үнін естісеңдер, азаншы айтқан сөздерді қайталаңдар[1]», – деген риуаят жеткізген.

Тек «Хайа ъаләс-солә және хайа ъаләл фәләх» (мағынасы: Намазға асық, мәңгілік бақытқа асық) сөздерінен кейін «Лә хәулә уә лә қууәтә иллә билләһ», – деп айтуы қажет. Мұғауия бин Әбу Суфиян (р.а.) «Хайа ъаләс-солә» сөзін естіген кезде «Лә хәулә уә лә қууәтә иллә билләһ» деп, мұны Пайғамбарларыңнан (с.ғ.с.) естідім[2]», – деген екен;

2. Азаннан кейін Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айту.
Абдулла бин Амр (р.а.): «Сосын маған салауат айтыңдар. Өйткені, маған салауат айтқан адамға Алла он салауат береді[3]», – деген хадисті баяндайды.

3. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ең жоғарғы дәрежені сұрау.
Хадисте: «Сосын мен үшін ең жоғары дәрежені сұраңдар. Ол –жәннаттағы мекен. Ол тек Алла құлдарының біріне берілетін. Сол пенде менмін деп үміт етемін. Кімде-кім маған ең жоғары дәрежені сұраса, оған шапағат беріледі...[4]», – деп айтылған.

4. Таухид кәлимасын айту.
Сағд бин Әбу Уәққас (р.а.): «Кімде-кім азан естіген кезде: «Әшһәду әллә иләһә иллә Аллаһу, уахдаһу лә шәрикә ләһ. Уә әннә Мұхәммәд ъабдуһу уә расулуһ» (Алла Тағаланы Раббым деп, Мұхаммедті Елші деп, Исламды дін деп разымын) десе, оның күнәсі кешіріледі», – деген хадисті риуаят етеді.

5. Азаннан соң дұға-тілек жасау.
Абдулла бин Амрдан (р.а.) риуаят: «Бір кісі келіп: Уа, Алла елшісі! Азаншылар бізден артық болуда, – дейді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Олар айтқан сөзді қайтала, біткен соң сұра (дұға жаса), тілегенің беріледі[5]», – деген.

 


[1] Бұхари, Муслим
[2] Бұхари
[3] Муслим
[4] Муслим
[5] Әбу Дауд, Насаи

Пікірлер Кіру