Құран тыңдаушыға қандай сауап бар?

28 қаңтар 2021 13175 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум!
Әзірге, Құранды оқи алмаймын. Оқи алатындай үйренуімді нәсіп етуін тілеймін. Бірақ тыңдап жүремін. Мысалы, «Құранды оқысаң, әр әріпке 10 сауап жазылады», деген бар. Ал, Құранды тыңдауға қатысты қандай пікірлер айтылған? Sayat Sartbaev


Жауап

Уа алейкум ассалам!
Құранның мың сан қасиеті бар. Құранды оқушы да, оны тыңдаушы да өзіне тиесілі жан азығын алары сөзсіз. Тіпті, дәретпен Құран кітабын қолға алып парақтап зер салудың өзі сауапты іс.
Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Кімде-кім Алла Тағала кітабынан бір аятты тыңдайтын болса, оған еселеп сауап жазылады. Ал, кімде-кім Алла кітабынан бір аятты тиләуат ететін болса, оған (сол аят) қиямет күні бір нұр болды[1]»,-дегенде Құран Кәрімге құлақ салып, тыңдау сауапты амал.

Қадірлі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі де арнайы Құран оқытып, жан-тәнімен тыңдайтын болған. Бұл туралы Абдулла бин Масғұд (р.а.): «Маған Алла елшісі (с.ғ.с.): «Маған Құран оқып бер»,-деді. Мен: «Уа, расул Алла! Сізге оқып берейін бе, (Құран) сізге түсірілді емес пе?,-дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ақиқатында, мен басқа біреуден тыңдағанды жақсы көремін»,-деді. Мен ол кісіге Ниса сүресін оқып: «Біз әрбір үмбеттен бір куә келтіргенімізде және сені осылардың үстінен куә етіп келтіргенімізде жағдайлары қалай болар екен?[2]»,-деген жерге келгенімде: «Жеткілікті, тоқта»,-деді. Ол кісіге бұрылып қарағанымда екі жанарынан жас төгіліп жатыр екен[3]»,-дейді.

Демек, Құранды тілмен тиләуат еткен сияқты, оған құлақ қойып тыңдау да, зер салып қарау да сауапты амал. 


[1] Ахмед
[2] Ниса сүресі, 41-аят
[3] Муслим

Пікірлер Кіру