Сауабы мен күнәсі тең түссе, қайда барады?

12 наурыз 2021 8822 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Менің бір ағам мынадай сұрақ қойды. Ол: «Менің сауабым мен күнә істерім таразыға тартылғанда бірдей болса, мен қай жаққа түсем», – дейді. Нұрсұлтан Арыстанбаев


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Құран Кәрімде сауабы мен күнәсі тең түскен мұсылмандар жайы: «Ол екі топтың арасында бөгет бар. Ағрафтың үстінде әрқайсысын (жәннаттық пен тозақтықтарды) белгісінен танитын адамдар бар. Олар жәннаттықтарға: «Сендерге амандық болсын!», – деп үн қатады. Олар оған (жәннатқа) кірмеген, (жәннатты) үміт етеді»,[1] – деп баяндалған.

Хузайфа, Ибн Аббас, Ибн Масғұд (р.а.) және тағы басқа сахабалар сауабы мен күнәсі тең келген адамдар басқалардың есеп-қисабы біткенше Ағрафта тұратындығын риуаят еткен. Ағраф – жәннат пен тозақ ортасындағы биік қорған. Ибн Жарир Хузайфа (р.а.) мына риуаятты жеткізген: «Ағраф иелері – сауап және күнә амалдары тең түскендер. Олардың күнәлары жәннатқа кіруге кедергі болған, ал сауаптары тозаққа кіргізбей ұстап тұрған жандар. Олар ағраф қорғанында Алла Тағала басқаларға төрелік етіп болғанша тұрады»[2].

Түйіндей айтқанда, адамзат жәннат пен тозаққа бөлінген соң, Алла Тағала ағраф иелерін Өз кеңшілігі және мейірімімен жәннатқа кіргізеді[3].

 


[1] Ағраф сүресі, 46-аят
[2] Ибн Касир, 2-том, 25-бет
[3] Алам Ахир, 254-бет

Пікірлер Кіру