Әйелдің намаз оқу үшін ең абзал орны қай жер?

12 шілде 2021 11555 0
Оқу режимі

Сәлеметсіздер ме!  Ер кісінің мешітте болмаса басқа жерлерде жамағатпен оқыған намазы 27 есе сауап беріледі, ал әйел адамдарда жамағат болады ма? Әйелдерде барлығы бірге намаз оқыса сондай сауап беріле ме екен? Алдын ала рахмет! Гауһар


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Ер кісілерге мешітте және басқа орындарда жамағат болып намаз оқу – бекітілген сүннет. Жамағат болып есептелу үшін ең кемі имамды қосқанда екі кісі болса жеткілікті. Хадисте: «Жамағат намазы өздерің жеке оқыған намаздан жиырма бес есе абзал»,[1] – деп айтылған. Ал, Ибн Омар (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Жамағат намазы жеке намаздан жиырма жеті есе артық»,[2] – деп баян етілген.

Ал, әйелдер қауымы үшін үйде оқыған намазы ең абзал болып саналады. Әбу Хамид әс-Сағидидің жұбайы келіп: «Уа, Алла елшісі! Мен сізбен намаз оқығанды жақсы көремін», – дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Менімен намаз оқығанда қалайтыныңды білемін, бірақ үйде намаз оқығаның бөлмеде оқығаныңнан артық, бөлмеде оқығаның аулаңда оқығаннан артық, аулада оқығаның өз қауымыңның мешітінде оқығаннан артық, қауымыңның мешітінде намаз оқығаның менің мешітімде оқығаннан артық», – деген екен[3].

Айша (р.а.) анамыз: «Әйелдің үйде намаз оқуы аулада оқығаннан жақсырақ, аулада оқығаны мешітте оқығаннан жақсырақ», [4]– деген хадис риуаят еткен.

Хадисте әйелге намаз оқу үшін мейлінше қолайлы және ыңғайлы орын көрсетілген. Сонымен бірге, қыз-келіншектер бөгде адамның назарына түспей оқуы сауапты екені айтылуда. Алайда, бұл әйелдің мешітке баруына болмайды деген сөз емес. 

Ибн Омар (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Алланың күңдерін (мұсылман әйелдерді) Алланың мешіттерінен қайтармаңдар»,[5] – делінген. Осы хадис Әбу Дәуід жинағында: «Ал, олардың (әйелдердің) үйі олар үшін жақсырақ»,[6] – деп толықтырылған.

 


[1] Муслим, Тирмизи.
[2] Бұхари, Муслим.
[3] Ахмад.
[4] Ибн Хузаима
[5] Бұхари, Муслим
[6] Әбу Дәуід

Тегтер: әйел намаз
Пікірлер Кіру