Жаман түс көргенде қандай амалдар жасау керек?

25 қазан 2021 17876 0
Оқу режимі

Адам жаман түс көріп, шошынып оянғанда не істеуі керек?


Жауап

Түс көру сыры – әлі толық ашылып бітпеген ерекше құбылыс. Түстің кейбірі адам есінде анық қалса, енді біреуі мүлде есте сақталмайды. Түс - Рахмани түс, шайтани түс және қияли түс болып үш түрі болатыны туралы хадистерде айтылған.

Осы орайда, жаман түс көрген жағдайда қандай амалдар жасаймыз деген сұраққа пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен жауап іздеп көрсек:

Әбу Қатададан (р.а.) жеткен хадисте «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді:

الرُّؤْيَا الصَّالِحَةُ مِنَ اللَّهِ وَالْحُلُمُ مِنَ الشَّيْطَانِ فَإِذَا حَلَمَ أَحَدُكُمْ حُلُمًا يَخَافُهُ فَلْيَبْصُقْ عَنْ يَسَارِهِ وَلْيَتَعَوَّذْ بِاللَّهِ مِنْ شَرِّهَا فَإِنَّهَا لا تَضُرُّهُ  

«Игі түс (немесе басқа бір риуаятта «жақсы түс» делінген) – Алладан, ал жаман түс – шайтаннан. Кімде-кім жаман түс көрсе, сол жағына ақырын түкіріп, шайтанның кесірінен Алладан пана тілесін. Осылай істесе, көрген түсінен оған ешқандай зиян келмейді».[1]

Басқа бір хадисте:

 إِذَا رَأَى أَحَدُكُمُ الرُّؤْيَا يُحِبُّهَا فَإِنَّهَا مِنَ اللَّهِ فَلْيَحْمَدِ اللَّهَ عَلَيْهَا وَلْيُحَدِّثْ بِهَا وَإِذَا رَأَى غَيْرَ ذَلِكَ مِمَّا يَكْرَهُ فَإِنَّمَا هِيَ مِنَ الشَّيْطَانِ فَلْيَسْتَعِذْ مِنْ شَرِّهَا وَلا يَذْكُرْهَا لِأَحَدٍ فَإِنَّهَا لَنْ تَضُرَّه

«Сендер жағымды түс көрсеңдер, ол – Алла Тағаладан. Алла Тағалаға шүкіршілік айтып, көрген түстеріңді әңгімелеп беріңдер. Ал, ұнамайтын түс көрсеңдер, ол шайтаннан, көргеннің жамандығынан сақта деп Алла Тағалаға жалбарыныңдар. Жаман түсті ешкімге айтпаңдар, өйткені сендерге оның ешбір зияны тимейді»,[2] – деп айтылған.

Тағы бір хадисте «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді:
 إذَا رَأَى أَحَدُكُمُ الرُّؤْيَا يَكْرَهُهَا فَلْيَبْصُقْ عَنْ يَسَارِهِ ثَلَاثًا وَلْيَسْتَعِذْ بِاللَّهِ مِنَ الشَّيْطَانِ ثَلَاثًا وَلْيَتَحَوَّلْ عَنْ جَنْبِهِ الَّذِي كَانَ عَلَيْهِ

«Жаман түс көрген адам оянған соң сол жағына үш рет түкіріп, шайтанның жамандығынан сақтану үшін Аллаға сиынсын. Сонда түс оған зиян келтірмейді»,[3] деген.

Жаман түс көрген адам пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінде келген «Фатиха», «Ықылас», «Фәлақ», «Нәс» және «Аятул-Курсиді» оқып оң жақпен жатқан жөн.

Айтуған Тойбазар
«Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы


 

 

 


[1] Бұхари, №3292
[2] Бұхари, №7045
[3] Муслим, № 2262

Автор: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру