Мұсылманды қарғауға (лағнет айтуға) бола ма?

02 қараша 2021 6619 0
Оқу режимі

Мұсылман адамға қарғыс айту, қарғау қаншалықты дұрыс? Шариғатымыз рұқсат ете ме?


Жауап

Лағнет – алыстату, қуылу деген мағынаны білдіреді. Егер лағнет Алла тарапынан айтылса, ол жақсылықтан алыстау, қуғындалуды, ал пенде тарапынан болса балағаттауды, жаман тілекті білдіреді[1].

Ибн Хажар: «Лағнет – Алла Тағаланың рахметінен алыстататын жаман тілек»,[2] – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қарғыс айту жаман қасиет әрі шынайы мүмінге жат екенін баяндап, одан аулақ болуды өсиет еткен. Әбу Дардадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Расында, пенде қарғыс айтқан кезде ол көкке көтеріледі. Сол сәтте аспанның қақпалары жабылып қалады. Сонда ол жерге түседі, бірақ оның да есіктері жабылады. Сосын ол дүние жүзін шарлап жүріп, ақыр соңында қарғыс кімге қатысты айтылса соған барады. Егер ол адам қарғысқа лайық болса соған тиеді. Ал лайық болмаса қарғыс айтқан адамның өзіне қайтады»[3].  

Қарғыс айтудың үкіміне келсек, ол төмендегідей қарастырылады:

1) Егер қарғыс жеке тұлғаға емес, жалпылай залымдарға, пасықтарға қаратылып айтылса рұқсат етіледі. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Алланың лағнеті залымдарға тән»[4].

Ибн Хажар Һайтами: «Жеке бір тұлғаның өзін емес, сипатын атап қарғыс айтуға рұқсат етіледі»,[5] – дейді. 

2) Шариғатымызда Әбу Ләһаб, Ібіліс секілді жеке аталып лағнеттелгендерге қарғыс айтуға болады. Ибн Муфлих: «Құран мен хадисте лағнеттелгендерге қарғыс айтуға рұқсат етіледі»,[6] – дейді.

3) Жеке бір мұсылманға қарғыс айту – харам. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мүмінді қарғау оны өлтіргенмен тең»[7], – дейді.

Имам Науауи былай дейді: «Өйткені қылмыскер дүние тіршілігінен айырса, ал лағнет айтушы ақыреттің нығметінен, Алланың рахметінен құр қалдырады. Кейбір ғалымдар бұның мағынасын мүмінді қарғау адамды өлтіргендей күнә арқалайды деп түсіндірген»[8].

Әл-Бәжайрами: «Жеке бір мұсылманды қарғау – харам. Оған жалпы мұсылмандар бірауыздан келіскен»,[9] – дейді.  

4) Кәпір немесе күнәһар болса да, жеке адамды қарғауға болмайды. Себебі лағнет айту Алланың рахметінен алыстатады. Сондықтан өмірінің соңғы сәті қандай болары белгісіз адамға қарғыс айтуға болмайды. Имам Науауи: «Ақтық сәтінде қандай жағдайда болатынынан нақты хабары жоқ адамды қарғауға болмайды. Сондықтан ғалымдар: «мұсылман немесе дінсіз болса да жеке адамды лағнеттеуге рұқсат жоқ» деген. Тек шариғи деректерде дүниеден күпірлікпен өткен немесе өтетіні белгілі болған Әбу Жәһил, Ібіліс секілділердің жөні бөлек»,[10] – деген.

Осыған орай, мұсылман немесе өзге дін өкілі болса да, жеке бір адамға қарғыс айтуға болмайды.   

 


[1] Ибн Фәрис, «Муғжам мәқайиси әл-луға», 5/252.
[2] Фәтху әл-бәри, 1/406.
[3] Әбу Дәуіт
[4] «Һуд» сүресі, 18-аят.
[5] Әз-Зәуәжиру ән иқтирафи әл-кәбәйир, 2/96.  
[6] Әл-әдәбу әш-шарғия, 1/277.
[7] Бұхари, Муслим.
[8] Шарху Муслим, 16/148-149.
[9] Хашияту әләл әл-Иқнағ, 3/19.
[10] Шарху Муслим, 2/67.

Тегтер: қарғыс лағнет

Автор: Fatua.kz – ҚМДБ Шариғат және Пәтуа бөлімі

Пікірлер Кіру