«ӘЛІМСАҚТАН БЕРІ МҰСЫЛМАНМЫН» ДЕГЕН СӨЗ НЕ МАҒЫНА БЕРЕДІ?

13 ақпан 2024 3077 0
Оқу режимі

Сұрақ: "Әлімсақтан бері мұсылманмын" деген сөз не мағына береді? Дін ғұламалары «әлімсақ» туралы не айтқан?


Жауап

Иә, Қазақ халқының тілдік қорында баршамызға белгілі осындай «Әлімсақтан бері мұсылманмын» деген сөз бар. Бұл сөздің этимологиясы қайдан шықты? Қандай мағына береді? Дін ғұламалары «әлімсақ» туралы не айтады? Олардың көзқарастарында қандай ерекшеліктер бар? Осыны қысқаша тарқатып көрсек.

Әсілі, бұл сөз Құран Кәрімнің тәпсірінен алынған. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресінің 172-аятында:

«Сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да өздеріне куә етіп: «Мен, сендердің Раббыларың емеспін бе?», (дегенде,) олар: «Әрине куәміз» деген. Қиямет күні: «Бұдан хабарымыз жоқ» демеңдер» делінген.

Аталған аяттағы Алла Тағала мен адам баласының арасындағы уәдені муфассирлер «мисақ», яғни «келісім», «серттесу», «анттасу» деп атайды. Яғни, араб тіліндегі осы «әл-мисақ» сөзі қазақ халқының тілдік қорына «әлімсақ» деп трансформацияланған.

Ал, «әл-мисақ» қандай келісім дегенге келер болсақ, жоғарыда айтылған Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресінің 172-аятындағы Алла Тағала мен адам баласы арасында болған уәде (әл-мисақ) жөнінде муфассирлердің мынадай бірнеше көзқарасы бар.

Бірінші көзқарас бойынша Алла Тағала адам баласын физикалық тұрғыда жаратпай тұрып, алдымен оның рухын жаратқан. Алла Тағала періштелерді куәлікке тарта отырып, адам баласының рухтарының сертін алған. Яғни, адам баласы әкенің белі мен ананың жатырында жаратылмай тұрып, рухы жаратылған кезде Раббысын мойындап, Жаббар Хаққа иман келтірген.

Рухтар қалай серт берді деген мәселеде де ғалымдар тарапынан әртүрлі пікірлер айтылады. Осылардың ішінде кейбір көзқарастар бойынша рухқа сынақ әлеміндегі жағдайы мен оның соңы қалай өрбитіндігі түсіндірілген (Әл-Мәуарди, ән-Нуқат уә’л Уйун, ІІ, 277-278). Яғни, рух басына келетін сынақты біліп, оны қабылдағандықтан, Аллаға мойынсұнып, серт берген.

Ал, әл-мисақ келісімі қайда жасалған деген мәселеде әт-Табари Арафатқа жақын Нә’ман деген жер мен Адам пайғамбар түскен Һиндты, сондай-ақ, Мекке және Тайф арасындағы бір жерді және аспанда болған деп көрсетеді (әт-Табари, Жамиу’л-Баян, VI, 111).

Муфассирлердің көпшілігі және хадисшілер осы көзқарасты жақтай отырып, әзіреті Омардан (р.а.) жеткен Алла Тағала Адам пайғамбардың денесін сипап, одан жұмақтық һәм тозақтық қауымдардың жандарын жаратты (Имам Мәлик, Муатта, Қадар, 2), сондай-ақ, Әбу Хурайра риуаят еткен Алла Тағала Адам пайғамбардың денесін сипап, Одан қиямет қайымға дейін өрбитін ұрпағының рухтарын жаратты (Ахмат бин Ханбал, Муснад, І, 298) деген хадистерді алға тартады. Яғни, бұл бірінші көзқарасты жақтаушылардың пікірінше Алла Тағала Адам пайғамбардың денесін сипап, рухтарды жаратып болған соң олардан уәде (әл-мисақ) алған.

Екінші көзқарас бойынша Алла Тағала еркектің ұрығын анасының жатырына егіп, одан шарана жасап, оған рухани әрі физикалық қабілеттер беріп, рухтарды адам пішініне енгізіп, оның жаратылысын аяқтай (жатырда) отырып, Өзінің бір және бар екенін, құдіретті жаратылыс иесі екенін куәландырып, рухтардан «Иә» деп мойындаған сертті алған. (әр-Рази, Мәфатиху’л-Ғайб ХV/39).

Бұл екінші көзқарасты жақтаушылар өздерінің бұл пікіріне Құран Кәрімнің «Фуссилат» сүресінің 11-аятында:

«Сосын көкке жөнелді. Ол, бір түтін еді. Сонда оған әрі жерге: «Екеуің де ерікті немесе еріксіз түрде келіңдер» деді. Екеуі де: «Бой ұсынған түрде келдік» деді»

және «Нах» сүресінің 40-аятында: «Бір нәрсенің болуын қалағанда, сөзіміз тек қана оған: «Бол» деу; сонда бола қалады» деген аяттарын дәлел ретінде көрсетеді.

Әһлі-сүннет ақидасын жүйелеуде өз арнасы бар атақты муфассир әрі мутакәллим Имам Матуриди (944 ж.қ.б) әл-мисаққа қатысты алғашқы көзқарасқа қарағанда, осы екінші көзқарас анағұрлым қисынды (әл-Матуриди, Тәуилат Әһли-Суннә, ІІ, 305) деп есептейді. Атақты муғтазила ғұламасы Замахшари (1144 ж.қ.б) де осы екінші пікірді дұрыс деп санайды.

Әр-Разидің пайымынша Муғтазила өкілдері негізінен бірауыздан алғашқы көзқарасты сынға алып, оны мүлде теріс деп санайды (әр-Рази, Мәфатиху’л-Ғайб ХV/42). Яғни, әл-мисақ келісімі туралы Муғтазила ғұламалары тек екінші көзқарасты жақтайды. Жалпы, екінші көзқарасты жақтаушылар әл-мисақ мәселесіне рационалистік тұрғыдан баға бергендіктен, осындай қорытындыға келген.

Үшінші Ибн Тәймия және салафилік жолды ұстанушылардың көзқарасынша әл-мисақ келісімі рухтар әлемінде немесе ананың жатырында болған емес. Олардың пікірінше адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқанда оның психологиясында Алла Тағала бір және бар деген ұғымның болуы – әл-мисақ болып саналады. Бұл тұжырымға Алла Елшісінің (с.ғ.с): «Әрбір туған нәресте фитратпен (жаратылыс иманы) туады» (Бұқари, Жәнайз, 93; Әбу Дәут, Сүннет, 18) деген хадисті дәлел ретінде көрсетеді. Яғни, Ибн Тәймия мен салафилер әл-мисақ келісімін Алла Тағаланың адам баласын иманмен жаратуы деп қабылдайды.

Түйін: Көріп байқағанымыздай, әл-мисақ келісімі туралы кәламшылар арасында әртүрлі пікірлер бар. Ғұламалардың Құран Кәрімдегі әл-мисақ келісімі жөніндегі аятты тәпсірлеуінде, осыған қатысты өзге де аят-хадистерге жасаған талдауларында бір-біріне ұқсамайтын пікірлер кездеседі. Дегенмен, қазақ халқы жоғарыда көрсетілген дәлел-дәйектердің ешқайсысын жоққа шығармайды. Сонымен әл-мисақ келісімі қашан жасалған? Рухтар әлемінде ме, анамыздың жатырында ма, жоқ әлде Жаббар Хақ адам баласына жаратылыс иманын бергенде ме? Әлбетте, біз жоғарыдағы Имам Матуридидің көзқарасын жақтаймыз!

Мұхан ИСАХАН

Пікірлер Кіру