ҚАЖЫЛЫҚҚА БАРУ ТЕККЕ АҚША ШАШУ МА?

27 мамыр 2024 2077 0
Оқу режимі

Сұрақ: Менің көршім бар, ол кісі менің жұма күндерінде мешітке баратынымды қаламайды. Бір күні аулада отырғанымда қасыма келіп:  «Қажылыққа бару дұрыс емес, оған берген ақшаң зая кеткенмен тең» деп «кеңес» берді. Мен оған ешнәрсе айта алмадым.


Жауап

 Жауап: Бүгінде мұндай исламафобдық пікірді айтатындардың кім екені мәлім. Олардың мақсаты айдан анық, ол – мұсылмандардың арасына жік салу. Исламда әрбір құлшылықтың қыры мен сыры бар. Адам оларды білмейінше «білетін» адам сияқты сөйлемеуі қажет. Сондай құлшылықтардың бірі – қажылық. Біріншіден, қажылық – исламдағы бес парыздың бесіншісі. Өзін мұсылман санаған адам үшін қажылықты дұрыс немесе бұрыс деп талқылауға құқы жоқ. Оны Құдай Тағала парыз етті. Ал енді қажылық қандай уақытта парыз болмақ, бұл басқа мәселе. Қажылық кедей мен міскінге, тақыр пен пақырға парыз емес. Ол денсаулығы мықты, дәулетті, қажылық сапарына барып келген аралықта отбасы жетерлік дәрежеде қамтамасыз етілген ауқатты азамат болуы қажет.

Екіншіден, Құдай Тағала жұмыр басты пенденің қажылығына мұқтаж емес, қажылық бізге керек. Қажылық адамға рухани күш пен азық береді. Мысалы, имам Мұслим мен Нәсаиде: «Бір умра келесі умраға дейінгі аралықта жасалатын күнәларды өшіреді. Қабыл болған қажылықтың қарымы тек жаннат қана», – деген хадис бар. Қажылыққа барған адам рухани байып келеді. Бұл сияқты аят пен хадистер мұсылманға өмірдің ауыртпалығы мен машақатына қарсы күресуіне күш, жігер береді. Болашаққа үмітпен қарауына демеу болады.

Үшіншіден, қажылықтың әлеуметтік-қоғамдық маңызы жоғары. Себебі, қажылық кезінде төрткүл дүниенің төрт бұрышынан қажылар келеді. Олардың ұлты, тілі, нәсілі, мәдениеті, салты мен дәстүрі, мінезі, мансабы мен атағы және қызметі әртүрлі. Мемлекет басшысынан бастап қарапайым халыққа дейін дәулетті, кедей демей бір жерде бас түйістіріп, қасиетті Қағбаның алдында маңдайларын жерге тигізеді. Қажылықты халықаралық деңгейдегі ең үлкен саммит, жиын немесе конференция десеңіз болады. Әлемде мұндай іс-шараны ешқандай дін атауы немесе мемлекет жасай алмай отыр. Қажылықтағы адамдар сонша айырмашылыққа қарамай бірдей ақ ихрам [қажылық барысында жамылатын ақ түсті киім] киіп жер бетіндегі бірлік пен бейбіт өмірдің, тұрақтылық пен ынтымақтың не екенін көздерімен көріп қайтады. Бұл ғибратты адам көзімен көрмейінше ешқандай ақшамен немесе туристік саяхатпен сатып ала алмайсыз.

 

 Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

 

Автор: Қожанов Қасым

Пікірлер Кіру