Ораза ортасында етеккір келген әйел не істейді?

25 мамыр 2018 126554 0
Оқу режимі

Ассалам алейкум, әйелім ораза ұстап жүрген еді. Бірақ оразаның күндізінде етеккір қаны байқалған екен. Ол оразасын бұзуы керек пе, әлде сон күнді толығымен ұстайды ма? Айдос


Жауап

Алейкум ассалам. Ораза кезінде байқалған етеккір қаны әйелдің оразасын бұзады. Ол күннің қазасын кейіннен өтейді. Етеккірі байқалған әйелдің ораза ұстуына болмайды. Бұл туралы Шейх Атия Сақр[1]: «Хайыз[2] бен нифасы[3] келген әйелдерге қатысты фиқһ ғалымдары мына екі нәрсеге бірауыздан келіскен: біріншісі – оған ораза ұстау парыз болмайтындығы, екіншісі – егер ораза ұстаса, ол оразасы дұрыс болмайтындығы, керек болса, ол ісі күнә болатындығы», – деген.

Имам Нәуаи (р.а) айтты: «Мұсылман үмметі хайыз бен нифас әйелдерге ораза ұстауға болмайтынына әрі ұстаған оразасы да бұзылмайтындығына бірауыздан келіскен. Сол сияқты, кейіннен оразасының қазасын өтейтіндігіне де келіскен. Үмметтің бірауыздан келіскендігін Имам Тирмизи, Ибн Мунзир, Ибн Жәрир және мазхабымыздың ғалымдары жеткізген»[4].

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Әл-Азхар университетінің пәтуа бөлімінің бұрынғы басшысы.
[2] Ай сайын келетін етеккір.
[3] Босанғаннан кейін келетін қан.
[4] «Мажмуғ» кітабынан.

Пікірлер Кіру