Қыз баласына жалаңаяқ намаз оқуға бола ма?

25 маусым 2018 16166 0
Оқу режимі

Қайырлы таң. Намаз оқығанда жалаң аяқ оқыса бола ма? Мешітке барғанымда жалаң аяқ қыздарды көрдім. Жазира


Жауап

Қайырлы таң. Әйел адамның аяғының тобықтан төменгі тұсы әуретке жататындығында Әбу Ханифадан (р.а) және Ханафи мәзһабы ғалымдарынан түрлі көзқарастар жеткен, олар:

  1. Белгілі ғалым Марғинани[1] өзінің «Хидая» кітабында және Қади Хан[2] «Жамиғ сағир» кітабына жазған шархында оның[3] әурет емес екенін айтқан. «Мухит»[4] кітабында да осы көзқарасқа екпін жасалған.
  2. Ақтағ[5] пен Қади Хан пәтуаларында оның әурет екенін айтқан. Испиджаби[6] де осы көзқарасты дұрыс деп білген.
  3. «Ихтияр» кітабының авторы[7] болса, оның намаз ішінде әурет емес, алайда намаздың тысында әурет екенін айтқан.
  4. «Муня» кітабының шархында[8] оның қай кезде де әурет екенін айтқан[9].

Имам Ибн Абидин (р.а) осы көзқарастардың ішіндегі пәтуа берілетін ең салмақты көзқарасты білдіріп, «Хашия» деген атпен танылған кітабында: «Сүйенетін негізгі дерекке қарай, намаздың шарттарына қатысты екі (тобықтан төменгі) аяқ әурет болып табылмайды», – деген.

Тоқетерісі: намазды жалаң аяқ оқуға болады. Алайда, бұл мәселеде талас туындап жатса, онда аяқты жапқаны абзал.

Ең дұрысы Аллаға мәлім.

 Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Бурхануддин Абу Хасан Али ибн Абу Бәкір Ферғани Марғинани (х 593 қ); ханафи фиқхының, хадис, тәпсір, әдебиет ғалымы.
[2] Фахруддин Хасан ибн Мансур Ферғани Ханафи (х 592 қ); Ханафи мазхабы фиқхының ғалымы.
[3] Әйел адамның аяғының тобықтан төменгі тұсы.
[4] «Мухит бурхани» кітабы. Авторы: Бурхануддин Абу Мағали Махмуд ибн Ахмад ибн Абдулазиз ибн Омар ибн Маза Бухари Ханафи (х 616 қ); ханафи мазхабының ғалымы. Ибн Кәмәл баша оның «мужтахид фи мәсәил» екенін айтқан.
[5] Абу Насыр Ахмад ибн Мухаммад ибн Мухаммад Ақтағ Ханафи (х 474 қ); Ханафи мазхабы фиқхының ғалымы.
[6] Имам Абу Насыр Ахмад ибн Мансур Испиджаби (х 480 қ). Ханафи мазхабының ғалымы.
[7] Мәждуддин Абу Фадл Абдулла ибн Махмуд ибн Маудуд Маусили Ханафи (х 683 қ); Ханафи мазхабы фиқхының ғалымы.
[8] «Ғунятул-мутамәлли фи шарх Мунятил-мусалли» кітабы. Авторы: Ибрахим ибн Мухаммад ибн Ибрахим Хәләби Ханафи (х 956 қ)
[9] Ибн Нәжимнің «Бахрур-раиқ» кітабынан.

 

Пікірлер Кіру