Қадір түніндегі күнәлар да еселеніп жазыла ма?

31 мамыр 2019 9570 0
Оқу режимі

Ассалам алейкум. Қадір түні игілік жасаған адамның сауабы көп еселенеді дейді. Сол үшін де бәріміз игі амалдарға ұмтылып жатамыз. Алайда бұл түнде жамандық жасап қойған адамның жайы не болмақ? Оның жамандықтары да солай еселене ме?


Жауап

Уа алейкум ассалам. Ия, Қадір түні жасалған жақсылықтардың сауабы көптеп еселенеді. Себебі, Алла Тағала Қадір түнін ерекшелеп, «мың айдан қайырлы»[1] деген. Тәпсіршілер бұл аятты Қадір түні жасалған игілік мың түнде жасалған игіліктен қайырлы деп түсіндірген. Бұл – Алла Тағаланың құлдарына танытқан мейірімі.

Ал, енді негізгі сұраққа келсек, бұған қатысты Алла Тағала қасиетті Құранда:

مَن جَاءَ بِالْحَسَنَةِ فَلَهُ عَشْرُ أَمْثَالِهَا ۖ وَمَن جَاءَ بِالسَّيِّئَةِ فَلَا يُجْزَىٰ إِلَّا مِثْلَهَا وَهُمْ لَا يُظْلَمُونَ

«Кім бір жақсылық келтірсе, оған сондай он есе бар. Және біреу бір жамандық істесе, сондай-ақ қана жаза беріледі де олар зұлымдыққа ұшыратылмайды»,[2] – дейді. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) осы аятты толықтап:

إِنَّ الله كَتَبَ الْحَسَنَاتِ وَالسَّيِّئَاتِ، ثُمَّ بَيَّنَ ذَلِكَ، فَمَنْ هَمَّ بِحَسَنَةٍ فَلَمْ يَعْمَلْهَا كَتَبَهَا الله عِنْدَهُ حَسَنَةً كَامِلَةً وَإِنْ هَمَّ بِهَا فَعَمِلَهَا كَتَبَهَا الله عَزَّ وَجَلَّ عِنْدَهُ عَشْرَ حَسَنَاتٍ إِلَى سَبْعِمِائَةِ ضِعْفٍ إِلَى أَضْعَافٍ كَثِيرَةٍ. وَإِنْ هَمَّ بِسَيِّئَةٍ فَلَمْ يَعْمَلْهَا كَتَبَهَا الله عِنْدَهُ حَسَنَةً كَامِلَةً، وَإِنْ هَمَّ بِهَا فَعَمِلَهَا، كَتَبَهَا الله سَيِّئَةً وَاحِدَةً

 «Расында, Алла жақсылық пен жамандықты жазды да оны былай баяндады: кімде-кім жақсылық жасауды ниет етіп, бірақ оны (қандай да бір себептерге байланысты) жасамаса, Алла оны толық жақсылық ретінде қабылдайды. Егер ниет етіп әрі оны жасаса, Алла оны оннан жеті жүзге шейін, тіпті одан да көп есе етіп қабылдайды. Егер жамандықты ниет етіп, оны жасамаса, Алла оны толық жақсылық ретінде қабылдайды. Егер сол жамандықты ниет етсе, әрі оны жасаса, Алла оны бір ғана жамандық ретінде қабылдайды»[3], – деген.

Тоқетері: кімде-кім Қадір түнін шынайы иманмен әрі сауаптан үміт етіп, игі істер жасаумен өткізсе, ол өте көп сауапқа кенеледі. Ал, кімде-кім бұл түннің қадірінен хабары болмаса, тіпті жаман іс істесе, ол адамдар үшін Қадір түнінің қадірі болмайды. Ол үшін бұл қасиетті түн әдеттегі түн іспетті өтеді де кетеді. Нендей жамандық жасаса, сондай ғана жамандық жазылады.

 

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] «Қадір» сүресі, 3-аят.
[2] «Әнғам» сүресі, 160-аят.
[3] Бұхари

Пікірлер Кіру