Үй алуға жиналған ақшадан зекет беріле ме?

17 маусым 2019 11451 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Менің шаңырақ көтергеніме бір жылдан асты. Өзім жалдамалы пәтерде тұрамын. Үй алсам ба деп жинап жатқан азды-көпті ақшам бар. Егер ол ақша нисаб көлеміне жетсе, зекеті берілуі керек пе? Әлде үйді алып алғанша, бермей тұрсам бола ма? Құлмақан.


Жауап

Уағалейкумассалам! Шаңырақ көтеруіңізбен құттықтаймыз. Іші әрқашан да қуаныш пен шаттыққа тола болсын. Алла қаласа, баспанаңызға жылдамырақ қол жеткізуді нәсіп етсін!

Зекеттің берілуі үшін мына талаптар орындалуы тиіс:

1) Нисаб[1] мөлшеріне ие болу;

2) Оған толық бір (қамари) жыл[2]  уақыт толу;

3) Басқа адамдарға нисабтың мөлшерін азайтатындай қарызы болмау;

4) Әрі зекет беретін мал-мүлкі (ақшасы) негізгі қажеттіліктерінен[3] тыс болу. Себебі негізгі қажеттілік зекет малы болып есептелмейді.

Ханафи мазхабының көрнекті ғалымы Ибн Малик негізгі қажеттіліктің не екенің ғылыми түрде тізбектеп, нақтылап көрсетіп берген. Ол былай дейді: «Негізгі қажеттілік дегеніміз – адамның құрдым болуының алдын алатын нәрселер. Мысалға: нәпақа, тұратын үй, шайқас құралдары, ыстық пен суықтан қорғайтын киім сияқты нәрселер. Немесе соның үкіміндегі: біреуге берешегінің болуы; себебі берешегі бар адам қиналып қалмасы үшін қарызын нисабынан береді. Сол сияқты негізгі күнкөрісі болып табылатын құралдарынан, үй жиһаздарынан, көлігінен, ілім иелері кітаптарынан да зекет бермейді. Бұл нәрселер – негізгі қажеттіліктер.

Егер адамның қолында дирхамдары (ақшасы) бола тұрып, бірақ оны осы қажеттіліктерге жұмсайтын болса, онда ол адамның қолындағы дирхамы жоқтың үкімінде болады. Бұл бейне бір шөлде қалып кетіп, қолында ішуге ғана қалған суы бар адамға ұқсас. Оның қолында суы болса да, ол суы жоқ адам сияқты тәйәммум алады»[4].

Артынша Ибн Абидин басқа да көзқарастарды келтіріп, оларды сараптап, артынша осы көзқарасты ең дұрыс көзқарас деп пайымдаған[5].

 

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] 80,18г алтынның құны.
[2] 354 күн.
[3] Адам үшін ең негізгі қажетті болған нәрселер: үй, киім, тамақ т.б.
[4] Хашият Ибн Абидин
[5] Пәтуаның толық нұсқасы: http://www.dar-alifta.org/AR/ViewFatwa.aspx?ID=11882&LangID=1&MuftiType=0

Пікірлер Кіру