Жалқаулықтың емі

04 шілде 2018 25451 0
Оқу режимі

Сұрақ: Ассалам алейкум. Мен бес уақыт намазды тастамай оқимын, қаза қылмауға тырысамын. Алайда, кей-кездері жалқаулығым басым түсіп, намазды кейінірек оқимын деймін де, кейде ұйықтап, кейде ұмытып кетіп, сол намазды қаза қылып қоятыным бар. Жалқаулықтың емі қандай? Оны қалай жеңуге болады?

Жандос Т.
 


Жауап

Жауап: уа алейкум ассалам. Жалқаулықтың бірер емі бар. Олар мынадый:

Біріншісі – тақуалық[1]: күнәлардан ұзақ болып, Алланың әмірлерін ақсатпау. Себебі Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَمَنْ يَتَّقِ اللهَ يَجْعَلْ لَهُ مِنْ أَمْرِهِ يُسْرًا

«Кім Алладан қорықса, оның ісіне жеңілдік береді»[2], – деген. Ендеше, кімде-кім күнәлі іс істеп немесе соған жақын жүрсе, онда оның ғибадатқа деген құлшынысы әлсірей береді.

Екіншіден – ғибадатты кешіктірмеу. Әр ғибадатты өз уақытында, әуелгі уақытында оқу. Еріншектің ертеңі таусылмайды. Ал мұсылман – хайырлы істі кейінгіге қалдырмайды.

Үшіншіден – көпшіліктің, жамағаттың жанында болу. Себебі шайтанның азғыруы көпшіліктен гөрі жекелеген адамдарға әсерлірек.

Төртіншіден – жалқаулыққа қарсы Алладан көмек сұрап дұға жасау. Мысалға, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына дұғасы:

اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنَ العَجْزِ وَالكَسَلِ، وَالجُبْنِ وَالبُخْلِ وَالهَرَمِ، وَأَعُوذُ بِكَ مِنْ عَذَابِ القَبْرِ، وَأَعُوذُ بِكَ مِنْ فِتْنَةِ المَحْيَا وَالمَمَاتِ

Оқылуы: «Аллаһумма инни аъузу бика минәл-ъажзи уәл-кәсәл, уәл-жубни уәл-бухли уәл-һарам, уә аъузу бика мин ъазабил-қабр, уа аъузу бика мин фитнәтил-махиа уәл-мәмат».

Мағынасы: «Уа, Алла! Расында мен әлсіздік пен еріншектіктен, қоқақтық, сараңдық, хайырсыз кәріліктен және тірілер мен өлілердің бүлігінен бір Өзіңе сыйынамын»[3].

Алла баршамызға ғибадатымызға берік, амалдарымызға ықыласты болуымызды нәсіп етсін.

Айбек Әбдіқадыр

Muslim.kz сайтының діни сарапшысы


[1] Алладан шынайы қорқу.

[2] Талақ 4.

[3] Бухари.

 
Пікірлер Кіру