Қамқорлығымдағы жетім баланың дүниесін пайдалана тұрсам бола ма?

22 қараша 2019 7709 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Жол апатынан ағамыз бен жеңгеміз қайтыс болып, олардың жалғыз ұлы біздің қолымызда қалды. Артындағы қалған дүниелерін өскенде баласына береміз. Бірақ сол ақшадан қолдануымызға немесе қарызға деп пайдаланып, кейінірек қайтарсақ болады ма?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Мұндай жағдайда баланың мал-дүниесін пайдалануға болмайды. Жетім балаға тиесілі дүниені тек қана сол баланың қажеттіліктерін өтеп, тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз етуге ғана рұқсат беріледі. Өзге кісілердің қолдануына Ханафи мәзһабының ғұламалары қатаң түрде тыйым салған. Тіпті, қарызға деп жазып қойып пайдалануға да қарсы.[1] Мұндай пәтуаға баруларының себебі – Құран Кәрімнің жетімдерге қатысты айтылған аяттарында қатаң ескертулер бар деп төмендегі аяттарды көрсетеді:

1) Жетімдерге мал-дүниелерін беріңдер[2]

2) Расында, жетімдердің мал-дүниесін зұлымдықпен жегендер өздерінің қарындарын отпен толтырғандар[3]

3) Жетімдерге әділетті болыңдар[4]

Ал, «кімде-кім кедей болса, мұқтаждығына қарай жесін»[5] деген аяттың үкімі жойылғандығын алға тартқан. Өзге мәзһабтың ғұламалары «бұл аяттың үкімі жойылмаған, қарамағына алған кісі мұқтаж болса, өлшеммен жеуіне рұқсат бар. Тәрбиелеп, бағып отырған ақысы ретінде есептеледі. Кейін байып кетсе орнын толтыруы керек» деген пікірлерін айтады.

Демек, жетім баланы бағып отырған кісі, барынша жетімнің мал-мүлкінен сақтануы қажет. Жетімдер үйінде жұмыс істейтін адамдар үшін біл тіптен қажет нәрсе. Балаларға бөлінген азық-түлік, киім-кешектерден алып кетуден сақ болсын. Оның нәтижесі тозақ болатынын ұмытпағанымыз жөн.

Ғазиз Ахмет.
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

 


[1] Сабуни, Мухаммад Али, Рауаиғул-Бәян фи тәфсири әятил-ахками минәл-қуран, 414-бет.
[2] «Ниса» сүресі ,2-аят.
[3] «Ниса» сүресі, 10-аят.
[4] «Ниса» сүресі, 128-аят.
[5] «Ниса» сүресі, 6-аят.

Пікірлер Кіру