Күйеуім ешқайда шығармайды, менің қандай құқықтарым бар?

26 мамыр 2020 10213 0
Оқу режимі

Ассалаумағалайкум! Мұсылман дінімізде ер азамат əйелінің өзіне деген жеке уақыт бөлуіне рұқсат бере ала ма? Мені күйеуім мүлдем еш жерге жібергісі келмейді. Өзім жабық киінем, намаз үйреніп жүрмін, баратын жерім де халал, жолығатын адамдарым тек қыздар. Оларды студент кезден танимын, ата-аналарын,    бауырларын танимын. Бəрі де жақсы адамдар. Өтінем кеңес беріңіздерші. Дінімізде əйел адамның құқықтары қандай?


Жауап

Уағалайкумсалам!

Ислам дінінде ердің де, әйелдің де құқығы қорғалған. Әрине, дінімізде әйел адам өзінің күйеуінің рұқсатынсыз кейбір іс-әрекеттерді істей алмайды. Дегенмен де, бұл, әйел адам түбегейлі үйден шықпауы керек деген сөз емес. Исламда ерлі-зайыптылардың кіммен, қандай мәміле жасауы керек, оның ішінде әйелге қандай мәміледе болуы керектігі жөнінде тайға таңба басылғандай анық айтылған.

Құран Кәрімде ер мен әйелдің теңдігі жайында былай делінеді: «Шын мәнінде, мен сендерден еркек, әйел амал істеушілердің амалын зая етпеймін. Сендер бір-біріңненсіңдер»[1].

Пайғамбарымыз Мұхаммед те (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде әйелдердің құқылары жөнінде көп айтқан: «Әйелдеріңіздің сіздерде, сіздердің де әйелдеріңізде хақыларыңыз бар»; «Сендердің ең қайырлыларың – әйелдеріне қайырлы (жақсы мәміледе) болғандарың»[2]; «Сендердің ең қайырлыларың (жақсыларың) отбасына жақсы болғаның, іштеріңдегі отбасына ең қайырлы болған менмін»[3]; «Алланың әйел құлдарын Алланың мешіттерінен мақұрым қалдырмаңдар»[4].

Сонымен қатар, қасиетті Құран кәрімде: «Әйелдер сендердің киімдерің, сендер әйелдеріңнің киімдерісіңдер»[5]– деп, жұбайларды бірін-бірі қорғап және жыртығын жамап, толықтырып тұратын киімге теңеген.

Сіз айтқан жағдайдың да (иманды құрбыларын зиярат етуі) Ислам дінінде ешқандай да қайшылығы жоқ. Сахаба әйелдердің өзі саудаға араласқан, Ал, сауда жасаған кісінің үйден сыртқа шықпауы мүмкін емес. Тіпті, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) да, сахабалардың да әйелдері ер кісілермен бірге соғыстарға қатысқан. Жаралыларды емдеп, әскерлерге су, азық-түлік тасумен айналысқан. Бұл да, әрине, үйден тысқары жағдайда орын алатын құбылыс. Қоғамдық орындағы жағдай. Және де сахаба әйелдер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жұбайларынан, өздерінің арасындағы білімділерден дәріс алған. Ол үшін де Пайғамбар мешітіне баруы қажет болған. Қазіргі таңда да әйелдер мешіттерде бекітілген ұстаздардан дәріс алып, сауат ашып, бір-бірімен дидарласып, имандарын шыңдап отырулары қажет. Ол үшін бір-бірін зиярат етулері қажет болады. Халқымыздың «Жалғыздық Құдайға ғана жарасады» дегеніндей, әйел баласы да иманды қоғаммен араласпай, жападан-жалғыз үйден шықпай отыра беруі мүмкін еместігі түсінікті жағдай.

Бақытжан Өткелбаев
Республикалық «Әзірет Сұлтан»
мешітінің наиб имамы

 


[1] «Әли Имран» сүресі, 195-аят.
[2] Мүслім, Бирр 149.
[3] Кутубус-Ситтә, 17 том, 214 бет.
[4] Бұхари, Жұма 13; Мүслім, Намаз 36.
[5] «Бақара» сүресі, 187-аят.

Пікірлер Кіру