Сауап қалай өлшенеді?

22 маусым 2020 12075 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкүм! Қандай амалдың сауабы көп. Жасаған жақсылықтың сауабы қалай өлшенеді? Алла разы болсын! Рүстем


Жауап

Уағалейкүмассалам!

Дініміздің тірегі бес парыз амалының сауабы көп және Алла Тағалаға ең ұнамды амал да парыз. Ешбір түнгі нәпіл намаз, күндізгі нәпіл ораза және қайыр садақа парыз деңгейіне жетпейді. Сонымен бірге, парыз және нәпіл құлшылықтың сауабын шынайы ниет пен ықылас көбейтеді. Бұл жайлы пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім мұсылмандығын ықыласпен орындаса, жасаған әрбір ізгі амалына оннан жеті жүзге дейін еселеп сауап жазылады. Ал, бір қате-күнә амалына бір күнә боп жазылады»,[1] – деген.

Сонымен қатар, тұрақты түрде жасалған амал Жаратқанға ұнамды боп саналады. Бұл жөнінде Айша анамыз (р.а.) «Алла Тағалаға ең ұнамды амал аз болса да ұдайы орындалатыны»[2] деген риуаят жеткізген. Иә, амалда нәтиже болуы үшін тұрақтылық қажет.

1.Әбу Һурайра (р.а.) риуаяты: Алла елшісінен (с.ғ.с.) адамдар:

- Қай амал абзал?
- Аллаға және елшісіне иман ету
- Сосын қай амал?
- Алла жолында күрес.
- Сосын қай амал?
- Қабыл болған қажылық, - деді[3];

2. Әбу Мұса (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Адамдар: Уа, Алла елшісі, мұсылмандықтың қайсысы абзал? – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Мұсылмандар тілі мен қолынан зиян көрмеген адам мұсылмандығы, – деді»,[4] - делінген;

3. Абдулла бин Амр (р.а.): «Бір кісі Пайғамбардан (с.ғ.с.): Мұсылмандықтық қайсысы абзал? – деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): Тамақ беру, таныған және танымаған адамдарға сәлем беру, – деді»[5];

Осы санаттаға хадистер жайлы Тирмизи Сүнәні түсіндірмесі «Тұхфат Ахуазида»: «Осы және осы мағыналас хадистер төңірегінде ғұламалар абзал амалдар жайлы жауап сұраушы кісілердің жағдайына қарай берілген. Амалдың абзалдығы уақыт пен адамдардың жағдайына байланысты», – деп түсіндірген.

Демек, амалдың сауабы құлшылықтың дәрежесі мен адамның ниеті және ықыласына байланысты.

 


[1] Бұхари, Муслим
[2] Мүслим
[3] Бұхари, Муслим, Насаи
[4] Бұхари
[5] Бұхари

Пікірлер Кіру