Құрбандық шалу қай уақыттан басталады?

13 тамыз 2018 16846 0
Оқу режимі

Ассалам алейкум. Құрбан шалуға ниет еткен адам күн шығысымен құрбан шалып, кейін намазға барса бола ма? Бұрындары аталарымыз күн шығысымен құрбанын шалып, ерте салқынмен малдарын жайғап, шаруаларына кірісіп кете беретін. Ал, қазір болса, құрбандық тек айт намазынан кейін ғана шалынады дейді. Қайсысы дұрыс?


Жауап

Уа алейкум ассалам. Бұл сұрағыңыздың жауабын Абдуррахман Жазиридің «Әл-фиқх алал-мәзәһибил-арбаъа» атты кітабынан таба аламыз. Онда ол ханафи мазхабының көзқарасын келтіріп былай деді: «Құрбандық уақыты құрбан күнінің таңында кіреді. Бұл – айт күні. Әрі ол үшінші күннің батысына шейін жалғасады. Бұл уақыттың өз затында қала мен ауылдағы құрбандық шалушылар үшін айырмашылығы жоқ. Алайда, қалада[1] тұратын адамның құрбандығы дұрыс болуы үшін құрбандығын айт намазынан кейін шалуы шарт етіледі. Яғни, құтпаның бітісін күтпестен намаздан кейін бірден шалуына болады. Алайда, құтпаны бітіріп барып шалғаны абзал. Қалалық адам құрбанды айт намазына дейін шалып қойса, оның құрбандығы дұрыс болмайды, алайда ол малдың етін әдеттегі ет ретінде қолдана береді. Ал, егер (қандай да бір себептерге байланысты) айт намазы оқылмай жатса, намаз уақытының шыққанын күтеді. Айт намазының уақыты – күннің шыққанынан қақ төбеге көтерілгеніне дейінгі уақыт. Осыдан кейін құрбандығын шала береді. Ал, ауыл[2] тұрғыны болса, оған бұндай шарт қойылмайды»[3].

Түйін: қазіргі таңдағы «ауыл» түсінігі – ескі кітаптарда келген «қала» мағынасына саяды. Себебі, қазіргі ауылдардың басшысы да, базары да, мешіті, имамы және жамағаты да бар әрі ол жерлерде жұма намазы да, айт намазы да оқылады. Ендеше, қазіргі таңда қала тұрғындары да, ауыл тұрғындары да құрбан шалулары үшін айт намазының біткенін күтулері керек. Ал, шалғайда қалған, малды ауылда жеке отбасымен немесе бір-екі үйі ғана бар жерде тұратын адамдар болса, олар айт намазын оқымайтындықтары үшін намаздың біткенін күту талап етілмейді.

Аталарымыздың біразы ескіде қалалы жерлерден ұзақта қалып, малды ауылдарда, жайлауларда жүріп мал бағуды кәсіп еткен. Сол себепті де оларға намаз уақытын күту шарт етілмеген. Бәлкім, сіздің де атаңыз осы кісілердің қатарынан болған шығар...

Ең дұрысы Аллаға мәлім.

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Фиқх кітаптарында «қала» деп – басшысы, базары, мешіті, имамы және жамағаты бар елді-мекенге айтылады.
[2] Фиқх кітаптарында «ауыл» деген – басшысы да, мешіті де, жамағаты да жоқ жер.
[3] Әл-фиқх алал-мәзәһибил-арбаъа

Пікірлер Кіру