ӘЙТЕКЕ БИДІҢ ҰРПАҚҚА ҚАЛДЫРҒАН ӨСИЕТТЕРІ

24 желтоқсан 2024 214 0
Оқу режимі

1. Өмірдің басы бар, соңы бар. Басы - үміт, соңы - өкініш.

2. Ақылды тақта отырған патшадан сұрама, тақтан түскеннен сұра.

3. Бата - құранның айнасы.

4. Атаңнан бота қалмасын, бата қалсын. Ботаның құны бір жұт, батаның құны мәңгі құт.

5. Адамға ең жақыны - туыс. Туысыңмен кетіссең, басың азаяр, құрмет тұтсаң, сыйлассаң қасың азаяр.

6. Ағайынмен той тойлас, саудаласпа, жауыңмен саудалас, той тойласпа.

7. Ақылдының ажары жарқыраған көлмен тең. Ақылсыздың ажары бұлт пен буға тең

8. Ақылсызға айтқан сөз құмға сіңген сумен тең. Ақылдыға айтқан сөз Алаш ұстар тумен тең.

9. Сұлу сұқтануға жақсы, ақыл жұптануға жақсы.

10. Тұман түбі - жұт, ақыл түбі - құт

11. Ақыл - тамыр.

Мінез - жапырақ.

12. Жақсы адамның серігі - ақыл, қайрат, әдеп, төзім, сабыр, үміт, татулық, бірлік

13. Жалған сөз - дерт, ақиқат - ем, сезім - бұлақ, қиял - шырын, тіл - жүрегіңнің айнасы

14. Алысар болсаң шыныңды айт, қауышар болсаң сырыңды айт.

15. Сырын білмей, сыр айтпа, күндердің күнінде не деспесіңді біліпсің.

16. Қайраулы пышағыңды мұқатпа, күндердің күнінде не кеспесіңді біліпсің

17. Көп ойланып, аз сөйле, жаңылмайсың

18. Сақалдының бәрі сәуегей емес, ақыл айтқанның бәрі данагөй емес.

19. Шеге тағаны, таға тұлпарды, тұлпар ерді, ер елін сақтайды. Батыр жау барда, би дау барда сыйлы.

20. Қайырсыздан хан қойсаң - қайырлы болмайды, үлгісізден би қойсаң - өсиеті болмайды.

21. Үйде атаңның, түзде отанның намысын қорға.

22. Атаң қазақ атты тісінен, ерді ісінен таниды.

23. Жолдасын таппаған адам азады. Басшысын таппаған ел азады.

24. Қара жерден нәр ал.

25. Ұзақ жол - қилы асу, қиын соқпақ кімнің кім екенін танытады.

26. Орынсыз серт дертке, орынды серт мырзалыққа, көкке жеткізеді.

27. Қолың сынса қайта бітер, сағың сынса қайтып бітер?

28. Жүрекке түскен дықта бір, жаңғаққа түскен құрт та бір.

29. Күйе киімді жейді, күйік жаныңды жейді.

30. Түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы.

31. Өсер елдің ақыны көп, өшер елдің әкімі көп.

32. Қуаныш келсе таспа, қасірет келсе саспа.

33. Жетпей жатып болдым деме, болмай жатып толдым деме.

34. Шикі тері илесең ұлтан болады, нәпсісін тыя білген сұлтан болады.

35. Даңққа тұлпар дүлділдігімен жетеді, ер жігіт білгірлігімен жетеді.

36. Өзіңнен биікті күндеме, өзіңнен төменді жүндеме.

37. Даңқтың жолы даңғыл емес, абыройдың жолы арналы емес.

38. Нәрін ішкен бұлаққа тас лақтырма, өрең жетпесе өкпелеме.

39. Аққумен дос болсаң жауың жоқ болар, құзғынмен дос болсаң, шұқығаның боқ болар.

40. Алтыннан таза ақыл бар, көктен биік тәкаппарлық бар, теңізден терең білім бар

41. Өмірдің не екенін мың бұралаң жолда көресің. Көңілдің не екенін құс болып тұғырға қонғанда білесің. Адалдың не екенін орындалған істе көресің.

42. Анаңның кім екенін сағынып аңсағанда білерсің. Әкеңнің кім екені тар жолда тарығып, шаршағанда білерсің. Жаланың не екенін пәлеге нақақ қалғанда білерсің. Биіктің не екенін шыңның басына шыққанда көресің.

43. Сөзі іске аспаса - білгенімен сол сол ғаріп. Қаз-үйрек болмаса - айдын шалқар көл ғаріп. Ел жағалай қонбаса - бетегелі бел ғаріп. Бәрінен де талапсыз туған ер ғаріп.

20.12.2020 жылы парақшамда іріктеп жариялаппын. Қажеті болар іздегенге, өзімеде деп қайта салып отырмын.

 

Айгүл Кемалбекқызы САҒЫМБАЙ

 

Пікірлер Кіру