МӘҺДИ ТУРАЛЫ

24 желтоқсан 2024 437 0
Оқу режимі

Мәһди – исламда ақырзаман кезінде әділеттілік пен ізгілікті орнату үшін жіберілетін құтқарушы тұлға. Бұл ұғым негізінен сунниттік және шииттік дәстүрлерде әртүрлі сипатталады. Сөздің түпкі мағынасы араб тілінде “тура жолға салынған” немесе “Алланың басшылығымен жүрген” дегенді білдіреді. Мәһди концепциясы діни, тарихи және әлеуметтік тұрғыдан көптеген зерттеулер мен пікірталастарға арқау болған.

Мәһди туралы мәліметтер көбіне хадистерде кездеседі. Құранда бұл туралы тікелей айтылмаса да, әділеттіліктің орнауы және зұлымдықтың жойылуы туралы аяттар мәһдиге қатысты деп жанама түсіндіріледі.

Мәһдидің хадистердегі сипаттамаларына келер болсақ: Әбу Дәуіт, Ибн Мәжа, Тирмизи және Ахмад ибн Ханбал хадистерінде мына хадисті келтіреді:

“Алла Елшісі (с.а.с.): ‘Мәһди менің ұрпағымнан, Фатиманың әулетінен болады,’ – деді.” Бұл хадистің арабша мәтіні:

‎ (المهدي مني، من ولد فاطمة).

Хадистің дәрежесі мен сенімділігіне келсек ислам ғалымдарының арасында сенімді (сахих) немесе жақсы (хасан) санатындағы риуаяттарға жатқызылады.

Хадистің рауилері (хадис жеткізушілері) сенімді деп танылғандықтан, бұл хадисті негізге алуға болады. Бірақ кейбір ғалымдар бұл тақырыптағы хадистерді мутәуәтир деңгейіне жеткізбегендіктен, яғни міндетті түрде иман (сенім) негізі ретінде қарастырылмайды.

Ендігі кезек, сунниттік және шииттік болған екі көзқараспен салыстырайық.

Сунниттік көзқарас:

Сунниттерде мәһди құтқарушы ретінде қабылданады, бірақ оның келуі ақида (сенім) мәселесіне кірмейді. Ол тек болашақта орын алатын оқиға ретінде қарастырылады.

Шииттік көзқарас:

Шииттік дәстүрде мәһди – ерекше маңызға ие тұлға. Олар оны 12-имам ретінде қабылдап, оның ғайыпта екенін және ақырзаманда қайта оралып, әділеттілік орнататынына сенеді. Толықтыра кетейін: Имамия шииттері Мұхаммед ибн Хасан әл-Аскариді (толық есімі – Мұхаммед ибн Хасан ибн Әли) соңғы, яғни 12 ші имам ретінде қабылдайды.

Олар ол кісіні 874 жылы (х.ж. 260 жыл) жасырынған (ғайыпқа кеткен) деп сенеді.

Ол Мұхаммед әл-Мәһди есімімен танымал болған. Олар оның қазір де тірі екеніне, бірақ адамдардың көзінен жасырылғанына сенеді.

Әлеуметтік және психологиялық аспектілерін талдасақ:

Мәһди ұғымы зұлымдық пен әділетсіздікке қарсы үміттің символы болып табылады. Бұл идея мұсылман қауымының қиын-қыстау кезеңдерде моральдық тұрақтылықты сақтап, жақсылыққа ұмтылуына септігін тигізді.

Мәһдиге сенім – әділеттілікке деген ұмтылыстың көрінісі. Қоғамдағы ауыртпашылықтарға төтеп беру үшін адамдар құтқарушы тұлғаға үміт артады.

Заманауи ғалымдардың арасында сан-алуан пікірлер бар

Заманауи рационалистік бағыттағы кейбір ғалымдар бұл концепцияны саяси құрал ретінде қарастырған.

Олардың қатарында: Оливье Руа бастаған кейбір ғалымдар мәһди ұғымының діни емес, саяси құрал ретінде пайдаланылатынын айтады. Олардың пікірінше; Радикал топтар бұл идеяны өз мүдделері үшін қолдануы мүмкін, сондықтан концепцияны жаңаша түсіндіру қажет деген пікірді алға тартады.

Ал, Мухаммад Иқбал болса: Мәһди концепциясын жеке тұлғаға телуден гөрі, оны мұсылман қауымының жалпы рухани серпілісімен байланыстырған жөн деген пікір білдірген.

Енді кейбіреулері мәһди ұғымын ақырзаманның символикалық белгісі немесе қоғамдағы әділдік пен рухани жаңғырудың бейнесі ретінде қарастырады. Бұл көзқарас дәстүрлі ұғымды қазіргі әлеуметтік-мәдени контексте қайта бағалауға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келсем: Мәһди ұғымын исламдағы рухани және әлеуметтік әділеттіліктің идеалы ретінде қарастыруға болатын секілді. Себебі, оның діни негіздері мұсылман қауымы үшін үміт пен жақсылыққа ұмтылуды бейнелейді. Сонымен бірге, тарихи және заманауи тәжірибелер көрсеткендей, бұл ұғымды дұрыс түсіну – радикализмнің алдын алып, әділеттілікке негізделген қоғам құруға ықпал етеді.

P/S жалпы жан-жақты зерттеуді керек ететін тақырып екен.

 

Темур АМАНҚҰЛ

 

 

 

Пікірлер Кіру